Бүгін, 5 мамыр күні Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті су тасқынынан зардап шеккен Мақтаарал ауданының тұрғындарына гуманитарлық көмек жөнелтті. Атап айтқанда, оқу орнының басшысы, университет президенті Болатбек Абдрасиловтың бастамасымен және І вице-президент Женгиз Томардың қолдауымен Мақтааралдағы төтенше жағдайға байланысты гуманитарлық көмек көрсету мәселесі университеттің басшылығы тарапынан бірауыздан қолдау тауып, көмекке азық-түлік пен күнделікті тұрмысқа қажетті тұтыну заттарының 10-нан астам түрі бойынша 10 тоннаға жуық жүк жөнелтілді.
Жүк тиеп, жолға шыққан керуенді шығарып салып тұрып оқу ордасының басшысы Болатбек Серікбайұлы:
- Мақтаарал ауданында орын алған су тасқынының зардабы тек сол жердегі тұрғылықты халықтың ғана емес, әрбір қазақтың да жанына батады. Амал қанша, апат айтып келмейді. Ел басына күн туған осындай қиын шақта бір-бірімізге көмек қолын созын, қолдау көрсетуіміз азаматтық парызымыз болса керек. Отбасыларына қиындық түскен мақтааралдық бауырларымызды қолдап, көмектесу мақсатында университетіміздің атқарып отырған мұндай қайырымдылық шарасы ізгілік ниетінен туындап отырғандығын айта кетуіміз керек. Отандастарымызға сабыр тілейміз! Бұл қиындықтарды да халық болып, ел болып бірге жеңетінімізге сенімдімін! – деп жолға шыққалы тұрған керуенге сәт сапар тіледі.
Мақтааралға жалпы алғанда: 2 тонна кеспе, 1 тонна өсімдік майы, 2 тонна күріш, 1 тонна ұн, 1 тонна қант, 100 қорап печенье, 1500 литрден астам түрлі сусындар, 20 блок памперс, 100 блок дәретхана қағазы, 200 кг кәмпит, 500 бөлке нан, 1000 дана сабын және шай т.б. 3 милионнан астам қаржының заттары тиелген «Камаз» автокөлігі жолға шықты. Керуенді оқу орнының Әлеуметтік қолдау және тәрбие істері жөніндегі вице-президенті Әміреқұл Әбуов және университет Ардагерлер кеңесінің төрағасы Балғабай Нақыпов бастап алып барады.
Айта кетейік, бұдан бұрын да бұл оқу орны Арыс қаласындағы төтенше жағдайға дәл осылай гуманитарлық көмек көрсеткен болатын.
Естеріңізге салсақ, мамырдың 1-жұлдызында Өзбекстанның Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасының бөгеті жарылып, салдарынан көрші орналасқан Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы 5 ауылды су басты. Төтенше жағдай жарияланып, су апатынан зардап шеккен ауыл тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. Бұл суыт хабар ешбір адамды бей-жай қалдырмады.