Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы өзекті мәселелерге тоқталып қана қоймай, оның шешімдерінің жолын да көрсетуге тырысты
Тәуелсіздіктің арайлы таңы атқалы бері қазақстандықтар бірнеше үлкенді — кішілі сынақтарды бастан кешірді. Мылтықсыз майдан тағы да қазақстандықтарды айналып өтпеді. Енді міне батпандап кіріп, мысқылдап шығатын қатерлі індет мысық табандап төрткіл дүниеге қауіп төндіруде. Бұл қолға қару алып жеті басты аждаһаның басын шауып бітіретін дүние емес. Бұл — елдің айрандай ұйыған бірлігіне, ата-дәстүр тірлігіне берілген сынақ, Қазақстан халқының тұтастығына, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған ауызбіршілігіне темірдей тәртіппен үн қосуды талап етер шақ. Жау жағадан алғанда бөрі етектен алатынның керін келтірмей бүгінгі таңдағы атқарылып жатқан іске сын айтқаннан гөрі, ащы да болса шын айтып, бықсықты қоздырмай, ел жүйкесін тоздырмай жұмылатын кез.
Қазір әрбір пендеге өз денсаулығы қандай қымбат болса, ата-ана, туыс-бауыр, ұл-қыз, немерелерінің өмірі үшін жауапкершілікті сезіну — күндіз ойынан, түнде түсінен шықпайтын дүние. Отыз шақты жылдың айналасында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әрдайым ел қасынан табылып өз үндеулерімен өзекті мәселелерге тоқталып қана қоймай, оның шешімдерінің жолын да көрсетуге тырысты. Елбасы осы жолғы үндеуінде ел жұмылса алынбас қамал жоқтығын тілге тиек етті. Аса қауіпті дертпен арпалысып жатқан еліне сүйеу болып, аталы да баталы тілегін жолдаған Елбасымыздың көрегенділік сарабдалдығы қаншама отандастарды қолтығынан демеді.
Қадірлі Елбасы, сөз жоқ Сіздей ұлы тұлғалары бар еліміздің қандай қиындықтарды да, алынбас асуларды да бағындырары ақиқат. Сіз айтпақшы, бұдан да жаманымызда тойға барғанбыз дейтін халқымыз бұл аждаһа вирусты да жеңеді. Қазақстан халқының бірлігі, ел жауапкершілігі бұған оң әсер етпек. Ылайым қуанышты күндерде басымыз қосылсын. Біз Елбасы үндеуін қолдаймыз!
Әбдікерім МАНАПҰЛЫ
Түркістан қаласының Құрметті азаматы,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері