Қайрат Балабиев, Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы:

Дүние жүзін дүрліктірген коронавирус әлемдік экономиканың ағзасына да айтарлықтай нұқсан келтіруде. Пандемияның салдарынан өндіріс орындары, фабрикалар, ауылшаруашылығы құрылымдарының жұмысы саябырлады, миллиардтаған шығынға батуда. Бұл әсіресе азық-түлік нарығында анық байқалып отыр.
БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының бас экономисі Максимо Каллен өз мақаласында «Ұзаққа созылған пандемия фермер, ауыл шаруашылық мекемесі, өңдеуші, жеткізуші, сатушы сияқты түрлі салаларды қамтитын азық-түлік тасымалына жылдам қиындық келтіруі мүмкін» деп ескерткен болатын.
Міне бүгінгі таңда соның салдары анық байқалуда. Тұтынушылардың өмір салты өзгерді. Елдер арасында азық-түлік тасымалы бұзылды. Біздің елге де оның салқыны тиді.
Соның бірі, Қазақстанның оңтүстігіндегі аграршылар тап болған өзекті мәселенің бірі – өндірілген бақша, көкөніс өнімдерін оның ішінде қырыққабат өнімін өткізу.
Түркістан облысында 8,0 мың га-ға ерте пісетін қырыққабат егіліп, сәуір-мамыр айларында 300,0 мың тонна өнім жинау жоспарланып, еліміздің ішкі нарықтарына 50,0 мың тонна және Ресей Федерациясына 250,0 мың тонна қырыққабат өнімін сату көзделген.
Бүгінгі таңда 44,5 мың тонна қырыққабат сатылды. Оның ішінде:
еліміздің ішкі нарықтарына — 30,1 мың тонна сатылса;
Ресей Федерациясына — 14,4 мың тонна экспортталды.
Қазіргі таңда, агроқұрылымдарда шамамен 250,0 мың тонна қырыққабат пісіп дайын тұр.
Алайда әлемдік пандемияға байланысты қырыққабат өніміне сұраныс болмай, бағасы 15-20 теңгеден сатылуда.
1 кг қырыққабат өнімнің өзіндік құны 50 теңге (1 га шығыны орташа 1,75 млн.тг. орташа өнімділік 35 тонна) болып, агроқұрылымдар шығынға ұшырап отыр.
Осы қиындықтардың барлығы онсыз да тұралап отырған шаруалардың маңдай терін төге отырып өндірген өнімдерінің бұзылуына, егіс алқаптарында жарамсызданып қалуына себеп болды.
Былтыр базар нарығында килограмы 200-300 теңгеден сатылып жүрген қырыққабат, бүгінде 15-20 теңгеден өтпей отыр.
Қалыптасқан жағдай ерте көкөніс егумен айналысқан 2600-ге жуық шаруалар мен олардың отбасы мүшелерінің тұрмыс жағдайын қиындатып отыр.
Өз өнімдерін өткізе алмай, қыруар зиян шегіп жатқан Түркістан облысы фермерлерінің жанайқайын ескерген Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлы Шөкеев шұғыл тиісті шаралар қабылдап, отандық ауылшаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау тетіктерін қарастыруда.
Облыс әкімі қалыптасқан жағдайдың өте күрделі және уақыт күттірмейтіндігін ескере отырып, мәселелерді шұғыл түрде қарап, тиісті шешімдер қабылдай білді.
Мәселенің күрделілігін ескерген облыс әкімі өзекті мәселені Үкіметтің назарына жеткізіп, тиісті министрліктермен, еліміздің басқа облыс әкімдерімен бірлесіп тиісті шаралар атқаруда.
2020 жылдың 2 мамыр күні ҚР вице-премьері Роман Скляр Түркістан облысының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қолдау мәселесіне қатысты селекторлық жиын өткізді. Жиын қорытындысы бойынша үкімет резервінен зардап шеккен фермерлерге екінші көктемгі егіс жұмыстары үшін 1,6 млрд теңге несие бөлу туралы шешім қабылданды.
Агроқұрылымдарды қолдау мақсатында бірнеше бағытта жұмыстарды атқару көзделуде.
Біріншіден, шығынға ұшыраған агроқұрылымдарға екінші өнімін егу мақсатында төмендетілген пайызбен несие беру арқылы қаржыландыру.
Екіншіден, еліміздің барлық қалалары мен облыстары тұрақтандыру қорларынан қаржы бөлу арқылы халықтың 1 айға қажетті көлемін екі апта мерзім ішінде сатып алуды ұйымдастыру.
Осы бағытта қырыққабат өнімін өткізу мақсатында 9 облыс, қаламен (Алматы, Шымкент қалалары және Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Қарағанды, Павлодар, Жамбыл) Меморандум жасалып қол қойылды.
Қырыққабат өнімінің негізгі бөлігі Ресей Федерациясына экспортталуы қажет.
Бұл ретте, Түркістан облысы әкімдігімен Экспорттаушы операторларды қолдау мақсатында 140,0 млн. теңге несие қаржы бөлу арқылы 1700 тонна қырыққабат өнімін Ресей Федерациясында ірі сауда желісімен келісім шартқа отырып, тікелей жеткізілетін болады.
Осыған орай, Үкімет тарапынан қырыққабат өнімін Ресей Федерациясына тасымалдау шығындарын субсидиялауды қамтамасыз ету, 250,0 мың тонна қырыққабат өнімін өткізу нүктелерін анықтап, ұйымдастыру жоспарлануда.
Сонымен қатар, «Қазақстан Темір жолы» АҚ-ы арқылы қырыққабат өнімін темір жол арқылы тасымалдау мүмкіндін қарастыру, қырыққабат өнімін тасымалдауға берілетін фитосанитарлық сертификаттармен сенбі, жексенбі күндері де қамтамасыз етуге және Кедендік бекеттерде кедергісіз тасымалдауды ұйымдастыру шаралары атқарылуда.
Сондай-ақ, оңтүстікте өндірілген өнімдерді Қазақстанның басқа да өңірлеріне жеткізудің логистикасын қалыптастыра отырып, Республика көлемінде білім, медицина, әлеуметтік сала мекемелерін, тұрғындардың аз қамтамасыз етілген бөлігін жаңа көкөніспен қамтамасыз ету мүмкіндіктері қарастырылуда.
Облыстар мен ірі қалалардағы ауруханаларға, интернаттарға, балалар мен қарттар үйлеріне, басқа да әлеуметтік мекемелерге көкөністерді сатып алу кезінде мемлекеттік сатып алудың жеңілдетілген шараларын қолдану, Қазақстан Республикасының Қорғаныс және Ішкі істер министрліктеріне қарасты әскери бөлімшелерге, жазаны өтеу мекемелеріне де, осындай тәртіппен ауылшаруашылығы өнімдерін сатып алуға мүмкіндік жасау шаралары атқарылуда.
Осы бағытта облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы Шөкеевтің басшылығымен қыруар жұмыстар атқарылуда. Осындай төтенше жағдай кезінде бір ғана облыс әкімдігінің, атқарушы органдардың жұмысына қарап отырмай, баршамыз ел болып қолдау көрсетуіміз қажет.
Тұтастығымызды тағы бір рет дәлелдейтін күн туды.
Біздің бірлігіміз – қазіргі қиындықты еңсерудің кепілі.
Облысымыздың іскер азаматтары, демеушілер, кәсіпкерлер жер жыртып, мал өсіріп еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған шаруаларға осындай қысыл-таяң кезде барынша қолдау көрсетеді деген сенімдемін.
Бүгінгі қасиетті рамазан айында жаны жомарт жандарымыз бақша, көкөніс өнімдерін, соның ішінде қырыққабат өнімін сатып алып, аз қамтылған отбасыларға тегін таратуда.
Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары да бұл шарадан тыс қалмай, өз үлестерін қосуда.
Атап айтқанда, облыстық мәслихат депутаты Нұралы Әбішов әріптесіміз 100 тонна қырыққабат өнімін сатып алып, аз қамтылған отбасыларға тегін таратуда. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табатын болады.
«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады» деп дана халқымыз айтпақшы Өзбекстандағы су қоймасы бөгетінің жарылуы салдарынан Мақтаарал ауданындағы бірнеше елді мекен, егіс алқаптары су астында қалды. Селден 620 үй зақымданған. Зардап шеккен отбасыларға, шаруаларға мемлекет тарапынан тиісті көмек көрсетілетін болады. Жақынына жылуын жинап, көмекке асыққан еліміздің басқа облыстарынан да гуманитарлық көмектер келуде.
Қиындықта қол ұшын беру – игі дәстүр, халқымыздың қанында бар, бойымызға сіңген асыл қасиет.
Ерте ме, кеш пе, коронавирус бәсеңдеп, жүріс-тұрыс пен сауда-саттыққа қойылған шектеу алынады, сөйтіп азық-түлік тасымалының тізбегі бұрынғы қалпына қайта оралады. Мұндай уақытша қиындықтар кезінде сабырлық таныта білуіміз қажет.
Бүкіл халық, қалың ел болып жұмылудың жарқын үлгісін мен біз Арыс қаласын апаттан кейін жедел қалпына келтірген кезде көрсеткен едік. Бірлік барда алынбайтын асу жоқ.
Еліміз бұл қиындықты да еңсеріп, дамудың жаңа кезеңіне аяқ басады деп нық сенемін.
Біз біргеміз!