Домой Әлеумет АЗАМАТТАРДЫҢ ӨТІНІШТЕРІ 1-ШІЛДЕДЕН БАСТАП ЖАҢА КОДЕКСПЕН ҚАРАЛАДЫ

АЗАМАТТАРДЫҢ ӨТІНІШТЕРІ 1-ШІЛДЕДЕН БАСТАП ЖАҢА КОДЕКСПЕН ҚАРАЛАДЫ

Қазастан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған негізгі бағыттардың бірі де бірегейі -«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы. Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тауып отыр. Себебі бұқара көпшілікпен санаса білген билік қана толағай табыстарға қол жеткізбек. Қалай алып қарасақ та, мемлекеттік қызметкер – биліктің айнасы, оның түр-сипаты.
Осы тұжырымдама арқылы Мемлекет басшысы мемлекеттік басқару жүйесіне өзгерістер енгізіп, ашықтық, пікірлер плюрализмін орнатуды жүктеді.
Халықпен билік арасындағы тиімді диалогқа баса мән берген бұл тұжырымдаманың аясында бірқатар жобалар қол алынуда.
Соның бірі, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процесстік кодексінің бекітілуі. 2021 жылдың 1-шілдесінен бастап күшіне енетін бұл кодекстің шеңберінде жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қараудың жаңа форматына көшу жопарлануда. Қазіргі уақытта Жаңа кодекске сай барлық бағыттағы түсіндіру жұмыстары мен оқыту семинарлары жүргізілуде.
Жаңа заңға сай, Мемлекеттік органдар, әкімшілік органдар, лауазымды адамдар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар осы Кодексте реттелетін қатынастардың қатысушылары болып табылады. Осы кодекс «әкімшілік орган» түсінігін бекітті, оған мемлекеттік органдар және жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен қатар құрамына әкімшілік актіні қабылдауға, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) жасауға уәкілеттік берілген мемлекеттік заңды тұлғалар, басқа ұйымдар кіретін болады. Осылайша сотта әкімшілік орган немесе өкілетті тұлға жауап беруші болады.
Сондай-ақ, жаңа заң аясында әкімшілік органға немесе лауазымды адамға жазбаша (қағаз және электрондық) немесе ауызша нысанда, сондай-ақ бейнеконференц-байланыс, бейнежолданым нысанында жіберілген арыз немесе шағым –жолданым болып табылады.
Ресми мәліметтерге тоқталатын болсақ, әкімшілік рәсімдік-процестік Кодекстің күшіне енуіне байланысты елімізде 21 жаңа әкімшілік соты құрылып, кодекс шеңберінде істерді қарайтын әкімшілік соттың атауы «Әкімшілік құқық бұзушылық бойынша мамандандырылған аудандық сот» болып өзгеретін болады. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде билік пен халық арасындағы дауды қараудың негізгі қағидаттары белгіленген.
Бұл кодекс мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, олардың қатынастарын реттейді. Бұл заң жариялық құқықтарды ретей отырып, бір жағында мемлекеттік орган болса, енді бір жағында заңды тұлғалар. Заңның басты ерекшелігі – мемлекеттік орган немесе квазисектор өкілдері тек жауапкер болып табылады. Жеке және заңды тұлғаның мүддесі қорғалған сот шешімі орындалмаса, жауап беруші тараптардан 10 нан 100 айлық-есептік көрсеткіш мөлшерінде қаржы өндіріледі. Жаңа кодекс күшіне енгенде әкімшілік рәсімдер, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау туралы заңдар күшін жояды. Өзге елдердің тәжірибесі көрсеткендей, әкімшілік рәсімдік процесстік көдексті қабылдауда сотқа дейінгі шағымдану мен сотқа талап қою көлемінің едәуір ұлғаюы байқалып, жағымсыз салдарлар болуы мүмкін деп күтілуде. Әлемдік тәжірибеде алғашқы рет осындай заңнамалық актілерді қабылдаған барлық елдерде сөзсіз тап болатын процестер, бірақ бұл әкімшілік органдарды азаматтардың өтініштерін қарауда заңды және негізделген шешімдер қабылдауға ынталандырған.
Мысал ретінде Латвияның тәжірибесін келтіруге болады, онда 2004 жылы әкімшілік-процесстік Заңы қабылданғаннан кейін шағымдар мен талап-арыздардың үлкен ағымы болды, бірақ белгілі бір уақыт өткеннен кейін (шамамен 5 жыл) Латвияның GIZ өкілі сарапшысының ақпараты бойынша әкімшілік соттарға талап қою көлемі 30-40%- ға азайған, өйткені әкімшілік органдар адамдардың өтініштерін сапалы қарауды қамтамасыз етіп, осылайша уақыт өте келе қоғамның мемлекеттік билікке деген сенімі артқан.Тұтастай алғанда, Әкімшілік рәсімдік-процесстік кодекстің қабылдануы құқықтық мемлекет идеясына сәйкес мемлекет пен қоғам арасындағы қатынастардың жаңа сатысына заңның үстемдігін қамтамасыз етуге жол ашып, елдің дамуына да қолайлы әсер етеді деп күтілуде.
Қорыта айтқанда азаматтар мен мемлекеттің тең құқығына бағытталған бұл жаңа заңда — жеке адам мен заңды тұлғаның мемлекеттік органға немесе лауазымды тұлғаларға қарсы өзінің құқығын дұрыс қолдануына зор мүмкіндіктер жасайды.


Өтініштерді қарауды бақылау
және мемлекеттік қызмет көрсету
мониторингі бөлімі басшысы М.Байғұт