Домой Әлеумет ҚАЗАҚСТАННЫҢ БОЛАШАҒЫ – ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ!

ҚАЗАҚСТАННЫҢ БОЛАШАҒЫ – ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ!


Бүгін Сарыағаш ауданында «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты форум өтті. «Nur Otan» партиясы Сарыағаш аудандық филиалының бастамасымен өткен форумға түрлі этнос өкілдері де қатысып, қазақ тілінің мәртебесі туралы ой қозғады. Аудандық форумның мақсаты – қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі толыққанды қызметін қамтамасыз ете отырып, тіл мәдениетін дамытуға бағытталған үйлесімді тіл саясатын жүргізу.
Сонымен бірге еліміздегі өзге этнос өкілдеріне мемлекеттік тілді үйрету, ұлттық сананың рухани жаңғыруының өзегі ретінде қазақ тілінің даму бағыттарын кәсіби негізде ілгерілету көзделген. Форум барысында «Ана тілім – асыл мұрам, ардағым» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылды.
«Nur Otan» партиясы Сарыағаш аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қ.Қыстаубаев құттықтау сөз сөйледі. Сонымен қатар «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ директоры Алма Кенжебаева «Мемлекеттік тіл – менің тілім» тақырыбында баяндама жасады. Ол тіл саясатын іске асыру мақсатында аудан көлемінде атқарылған жұмыстарға тоқталды. Сонымен бірге этнос өкілдерінің мемлекеттік тілге деген пікірі тыңдалып, жыр шумақтары оқылды. Жиынға қатысушылар қазақ қоғамын біріктіруші негізгі күш – мемлекеттік тіл екеніне тоқталып, әрбір азамат қазақ тілін білуі тиіс деген пікірлерін жеткізді.