Домой Басты жаңалықтар АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕКТІҢ БАСТЫ ШАРТТАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕКТІҢ БАСТЫ ШАРТТАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

Түркістан облысы Түлкібас аудандық мәдениет үйінде Майлыкент ауылдық округі әкімдігінің ұйымдастыруымен атаулы әлеуметтік көмек мәселесі бойынша округтегі аналармен кездесу өтті. Осы кезге дейін округте 690 ата-ана атаулы көмек алған. Оның 687 – сі шартты, 3 – шартсыз. Ал, 53,4 пайызы алған қаржыларына кәсіп ашып, нәтиже көрсеткен. Табыс көздерін жасырып, заңсыз қаржы алған 31 адамның ақшасы кері қайтарылған. Округ әкімі аналар тарапынан туындаған сұрақтарға жауап беріп, әлеуметтік көмек тағайындау жайы мұқият қаралып, заң шеберінде жүзеге асырылып жатқандығын айтты. Ал, жіберілген кемшіліктер анықталып, қайта қаралуда. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Е.Қаратаев та аналардың сұрағына жауап беріп, атаулы әлеуметтік көмек алудың шарттарын егжей-тегжейлі түсіндірді. «Бұл қаржы халықты қолдап, кедейшілік шегінен шығару үшін беріліп жатыр. «Судың да сұрауы бар» демекші, қаржының мақсатты жұмсалуы қадағаланатын болады» деді бөлім басшысы. Оның айтуынша, аудан бойынша атаулы әлеуметтік көмек алуға тұрғындардан 2812 өтініш келіп түскен. 1962 адамға беру жоспарланғанын атап кетті. Сонымен қатар, Зайырбек Мырзабаев ай сайын 12632 теңге зейнетақы жарнасын төлеп отырудың маңыздылығын түсіндірді. Округ әкімі туындаған мәселелердің дер кезінде шешімін табуына ықпал жасап, халықпен тығыз байланыста жұмыс жасауды жалғастыратынын айтты.
Осындай кездесулер ауданның барлық ауылдарында өткізіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.