Өзбекстан Республикасының 47 489, Тәжікстан Республикасының 1554 азаматы өз елдеріне өткізілген.
2020 жылдың 23 наурызынан бастап Өзбекстан Республикасы коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында карантин жариялаған, — деп хабарлайды ERNUR.KZ. Осыған байланысты көрші мемлекет азаматтары 3 айдан астам уақыттан бері еліне уақтылы өте алмай, еліміздің аумағында бірнеше күн қалып түнеуге мәжбүр болған. Бірнеше күннен бері еліне өте алмай тұрған көрші мемлекет азаматтары қазір өз елдеріне өткізілді. Осы аралықта Түркістан облысы Сарыағаш ауданы әкімдігі тарапынан «Жібек жолы» кеден бекеті маңында күніне үш реттен санитарлық тазалық және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында заласыздандыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Сонымен қатар, 10 шілде күні аталған аумақта жаппай санитарлық- тазалық және залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, қазіргі уақытта қалыпты жағдайға келтірілді. Сондай-ақ, шекара маңындағы жағдай аудан әкімінің тікелей бақылауына алынып, күнделікті құзырлы мекеме қызметкерлерімен бірлесіп тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Одан бөлек аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен еліне өте алмай тұрған азаматтарға еріктілер және демеушілер тарапынан бір реттік ыстық тамақ, басқада қажетті заттар беріліп, тиісті көмектер көрсетілген. Ал жас балалары бар және жүкті әйелдер сол маңдағы қонақ үйлерге орналастырылып, барлық қажетті жағдайлар жасалыпты. Айта кетсек, қазіргі уақытқа дейін Өзбекстан Республикасының 47 489, Тәжікстан Республикасының 1554 азаматы өз елдеріне өткізілген.