Home Басты жаңалықтар ӘРБІР ЖӘДІГЕР ТАРИХТАН СЫР ШЕРТЕДІ

ӘРБІР ЖӘДІГЕР ТАРИХТАН СЫР ШЕРТЕДІ

Музей – өткеннің естелігін бүгінге жеткізетін киелі орын. Онда құнды жәдігерлер өзіндік тарихымен кім – кімді болмасын қызықтырмай қоймайды. Өткенің тарихын білу – әр ұрпаққа аманат етілген парыз. Нәзір Төреқұлов музейінде қазақтан шыққан тұңғыш дипломаттың артында қалған сырға толы құнды жәдігерлері бар. Бұл жәдігерлер  музейге келетін қонақтардың көзайымына және игілігіне айналған. Нәзір Төреқұлов ХХ ғасырдың 20-жылдарынан бастап Мәскеуде әр түрлі лауазымды қызметтер атқарды. Нәзірдің Мәскеуде жүргенде қызмет бабында пайдаланған заттары бүгінде музей төрінен орын алған. 2003 жылы Н.Төреқұловтың қызы Әнел Нәзірқызы әкесінің бірқатар жеке заттарын Түркістаннан шыққан білімді азамат Ыбырай қажы Ысмайыловқа аманат етіп тапсырып кеткен болатын. Сол Мәскеуден келген экспонаттарды Түркістанда 2006 жылы ашылған Нәзір Төреқұлов  музейі құнды экспонат ретінде тіркеуге алынды.

Әнелдің көзінің қарашығындай сақтаған жәдігерлерінің бірі – әкесінің жұмыс үстелі мен орындығы. Жұмыс үстелі арнайы қолдан қызыл ағаштан ойылып, өрнектеліп жасалған. Үстелдің жеті суырмасы бар. Әр тартпасы темірмен бедерленіп жасалған. Орындықтың отыратын бөлігі былғарыдан жасалып, орындық та, үстел де қою қызыл-қоңыр түспен сырланған. Жұмыс үстелінің аяқтары мен орындықтың өзіне тән өте сәнді бейнеленген өрнектері оны ерекше етіп көрсетеді.

Нәзір Төреқұловтың жұмыс үстелі мен орындығы өткен ғасырдың ескерткіші болғандықтан, бірнеше рет қайта жөндеуден өткен.

Жұмыс үстелінің бойы – 100, ұзындығы – 55, ені – 60 см. Орындықтың биіктігі – 105, ені – 50 см құрайды.

Жалпы, бұл күндері сол Нәзірден қалған жәдігер – үстел мен орындыққа музейге келуші әрбір көрермен тамсана, қызыға қарайды. Өйткені, бұл жәдігер Нәзірдің қилы – қилы өмір тағдырынан сыр шертіп тұрғандай.

«Ұлы Дала Елі» орталығына  қарасты

Нәзір Төреқұлов музей филиалының қызметкері

Ташимов Бағлан