Home Мәдениет КЕМЕР БЕЛБЕУ

КЕМЕР БЕЛБЕУ

                                                 

             Қазақ халқының қолөнерінде зергерлік өнер ерте замандардан келе жатқан ісмерлік түрі. Алтын, күміс т.б. металдардан сәндік бұйымдар жасап түрлі бұйымдарды, бағалы металдар мен асыл тастармен зерлеп әшекейлейтін шеберлер зергер деп аталған. Қазақ зергерлері әсіресе қару – құралдары (айбалта, көк сүңгі, алдаспан, дулыға, қорамса), үй іші мүліктері (кебеже, жүк аяқ, адалбақан, асадал, зерлі аяқ т.б.) аңшылық жабдықтары (томаға, тұғыр, балдақ, оқшантай) музыкалық аспаптар (асатаяқ, қобыз, домбыра, сыбызғы, дауылпаздарды  әсемдеп отырған. Әсіресе қыз – келіншектердің әшекей бұйымдарын  жасауда қазақ зергерлері  өз туындылары арқылы өз шеберлігінің жоғары дәрежеде екенін көрсеткен. Зергерлер жасаған қарасаң көз тоймайтын қайталанбас дүниелер келешекке мұра болып, музейлерде сақтаулы тұр.

            Қазақта «Ұста ұста емес, аспап ұста» деген мақал тектен-тек айтылмаса керек.  Ұста зергерлер бұйымдар жасауда бірінші өздеріне қажетті құрал саймандарын сайлап отырған. Мысалы: металл балқытатын пеш, көрік, зауыт, шымшуыр, төстің бірнеше түрі, кішкене балға,  кескіш, түтік, бұрғы, біз, қайшы, қысқаш,  дәнекерлегіш, өрнек салуға түрлі шапқылар, қалыптар т.б.  Зергерлердің құрал – саймандары көлемі жағынан темір ұстасінікіне қарағанда әлдеқайда шағын, әрі жеңіл, ықшамды болып келеді.

            Зергерлік бұйымдардың бірі кемер белбеуге тоқталып өткім келеді. Қазақ халқының ұлттық киімдерінің өте ертеден келе жатқан дәстүрлі құрамы-кемер белбеу. Халқымыздың ұлттық сырт киімдеріне жататын шапан, тон, ішік, шидем, күпі, шекпен т.б. сырт киімдерге түйме қадамай-ақ белге белбеу (белдік) буынып алған. Қазіргі қолда бар деректерге сүйенсек белбеулердің күдері белбеу, былғары белбеу, кісе белбеу, дөңбет белбеу, өрмелі белбеу т.б. түрлері бар. Кемер белбеу белді бір орайтындай қысқа болады, ерлер де әйелдер де пайдаланады. Белбеудің негізі былғары, жібек, барқыт, шұғадан жасалады.  Осылардың ішінде халық арасында кең тарағаны кемер белбеу.  Ерлер тағынатын кемер белбеу анағұрлым жалпақ, әйелдердің белбуі жіңішкелеу болып келген. Кемер белбеудің нақышталуы күрделірек болып келеді.

Кемер белбеу негізінен алтын, күміс әшекейлермен безендірілген  аса қымбат белбеу. Жазба деректерде Х-ХІ ғасырларда Орта Азия мұсылмандардың арасында кемер белбеулер көп пайдаланылғаны жазылады. Қазақ тілінде белбеуге байланысты мақал-мәтелдер өте көп. Мысалы: «Белдігі жаман мықынын тірей алмас», «Кемер белбеу бел сәні, кемелді жігіт ел сәні».  Осындай мақалдарға қарап кемер белбеуді сәндік бұйымдардың бірі деп айта аламыз.

           Музей қорындағы кемер белбелер  ХІХ-ХХ ғ.ғ. тән, күмістен жасалған. Отырар музей-қорығының қорындағы белдіктің мына бір түрі өзара топсалы әдіспен жасалған, негізгі бөлігі 2 тағадан, 4 таналардан және  5 қазмойын тәрізді өрнектерден  тұрады. Ұзындығы-1м.,3см, ені-8,5 см. Белдіктің екі қапсырмасы шеті иректеліп, басына жаңа ашылып келе жатқан гүл қауызына ұқсас өрнектер салынған. Таналардың шеттері иректеліп, дөңес бетіне көк түсті бояумен гүл өрнегі түскен. Қазмойын тәрізді өрнектер  өсімдік өрнектермен сәнделген. 

            Келесі белдік бетіне алтын жалатылған ұзындығы 1м.,14 см., ені-11,5 см. Өзара топсалы әдіспен жасалған негізгі бөлігі 2 тағадан,  6 танадан тұрады. Негізі барқыттан жасалған. Оң жақ тағасының ортасында бес бұрышты дөңес етіліп, айнала алтынмен апталған арнайы жапсырылған орынға ұстасы Сайып Қуаров, ал сол жағасының тағасының бетіндегі дәл осы пішіндегі орнайы орынға иесі Молла Қуат Юнусов деп көркемдеп жазылған.Тағаларының бастары қазақтың ағаш деп аталатын өрнегіне ұқсас, бір жақ жиегіне майда шұғыла өрнектері ұрылған. Ұстаның аты жазылған оң жақ тағасының өрнектелген  бас жағында майда өсімдік тәрізді өрнектермен бірге араб цифрімен 1327 хижра (1909)жылында, сол жақ иесінің аты жазылған тағасының бас жағында 1346(1928)жыл деп жазылған.

             Тағаларының айнала жиегі, өрнектеліп жасалған басы, бұрыштарындағы оюлары, ілгегінің бір жағы алтынмен апталған. Басқа жерлеріне өсімдікке ұқсас қара ала өрнектер салынған. Белбеуге айнала тігілген алты тананың пішіні күнге ұқсас дөңгелек, ортасы дөңес, жиектеріне қос жапырақ өрнек безендірілген. Ортасына шеңберлеріне қара ала өсімдік тәрізді өрнектер салынған, өрнектер алтынмен апталған.

           Зергерлік өнер қазақ халқының тарихында ерекше орын алады, ғасырлар бойғы халық мәдениетінің  көрінісі  болып табылады. Зергерлердің еңбегі өте күрделі, бейнеті мол жұмыс.

«Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының бөлім меңгерушісі Ақлима Жұмашова