Home Қоғам ЖЕМҚОРЛЫҚ ФАКТІЛЕРІ ТУРАЛЫ ХАБАРЛАҒАН ТҰЛҒАЛАРҒА АҚШАЛАЙ СЫЙАҚЫ ТӨЛЕНЕДІ

ЖЕМҚОРЛЫҚ ФАКТІЛЕРІ ТУРАЛЫ ХАБАРЛАҒАН ТҰЛҒАЛАРҒА АҚШАЛАЙ СЫЙАҚЫ ТӨЛЕНЕДІ

Бұл туралы бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің Аса маңызды істер жөніндегі офицері Лаура Аманова баспасөз жиынында мәлімдеді.

Брифинг барысында сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған азаматтарды көтермелеу қағидаларына енгізілген өзгерістер мен ақшалай сыйақы  алудың тәртібі және  Департаментпен жемқорлық тәуекелдері бойынша хабарлаған тұлғаларды ынталандыру бағытында атқарылған жұмыстар баяндалды. 

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңға сәйкес, парақорлық деректер бойынша хабарлаған адам сыйақыдан бөлек,  мемлекеттің қорғауында болады.  Биылғы жылы  1 айлық есептік көрсеткіш 2917 теңгені құрап отыр. Яғни, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы әкімшілік істер бойынша хабарлаған азаматтарға – 30 АЕК (87 510 теңге), онша ауыр емес сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша – 40 АЕК (116 680  теңге), ауырлығы орташа сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша – 50 АЕК (145 850 теңге), ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша – 70 АЕК (204 190 теңге), аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша – 100 АЕК (291 700 теңге) ақшалай сыйақы беріледі», – деді  Л.Аманова.  

Сондай-ақ, баспасөз конференциясында параның немесе келтірілген залалдың сомасы не ұсынылған жеңілдіктердің немесе көрсетілген қызметтердің құны 1000 АЕК асатын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар бойынша берілетін сыйақы мөлшері пара немесе келтірілген залал сомасының 10%-ын құрайтындығы және адал қоғамды қалыптастыруда  ел азаматтарының тигізер үлесі айрықша аталып өтілді. 

Айта кетейік, өткен жылы облыс көлемінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлағаны үшін  14 тұлғаға 2,3 млн.теңгеге, ал 2021 жылдың 4 айында 4 тұлғаға  741, 7 мың теңгеге ақшалай сыйақы тағайындалған.