Home Қоғам ТҮРКІСТАН: ОРДАБАСЫДА ОРАЛЫМДЫ ІСТЕР КӨП

ТҮРКІСТАН: ОРДАБАСЫДА ОРАЛЫМДЫ ІСТЕР КӨП

Кеше «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Miras» азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі Қоғамдық кеңес мүшелері көшпелі отырыс аясында Ордабасы ауданында бірқатар мәдени нысандардың құрылысымен танысып, аудан тұрғындарымен жүздесті. Ондағы мақсат – партияның Түркістан облысы бойынша «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасының барысымен танысу және есебін тыңдау.
Кеңес төрайымы, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева бастаған топ алдымен Қарақұм ауылындағы мәдениет үйінің құрылыс барысымен танысты. Бұл ретте ордабасылықтардың шалғай ауылдардағы мәдени ошақтардың санын арттыру мақсатында мемлекеттік жекеменшік әріптестік бағытын тиімді пайдаланып отырғанын баса айтуымыз қажет. Аталған нысан осындай қадамның жемісі. 160 орындық арнайы акт залы мен кітапхана бөлмелері қарастырылған ғимарат құрылысы 2021 жылдың желтоқсанында басталған. Осы жылы қыркүйек айына дейін пайдалануға берілуі тиіс.
Дәл осындай жолмен салынған Берген ауылдық мәдениет үйі бүгінде қолданысқа берілген. Мұнда да акт залы мен кітапхана қарастырылған. Топ мүшелері барған екінші ауылдағы көркі келіскен нысанның шарапатын ауыл халқы тиімді пайдаланып жатқанына жатқанына көз жеткіздік. Кішкентай ғана саусақтары домбыраның пернелерін теріп әсем әуенді әуелеткен балақайлар келушілердің көңіл күйін шалқытты. Бұл нысандардың ерекшелігі құрылыс саларда мемлекет есебінен жоспарланып, жобалау сметалық жұмыстары жасалып жатпайды. Кәсіпкер өз есебінен нысанды басынан-аяғына дейін тұрғызып мемлекеттің сатып алуына ұсынады. Мұндай әрекет тәжірибе көрсеткендей өз кезегінде уақыт үнемділігі мен қаржының тиімді жұмсалуына зор мүмкіндік.


Көшпелі отырыс сапары осылайша тарихи өлкедегі Ордабасы тауында жалғасты. Үш жүздің басы қосылып, елдік мұрат жолында бәтуа алаңына айналған қасиетті орынның маңын түлетіп, келушілер үшін ыңғайлы ету жұмыстары қолға алынған. Қазір мұнда «Ордабасы» сапар орталығының құрылысы жүріп жатыр. «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорығының» тапсырысымен өткен жылдың қыркүйек айында басталған жалпы құны 885 млн. теңгені құрайтын құрылыс жұмыстары тура бір жыл ішінде аяқталмақ. Қазіргі таңда нысан құрылысының айтарлықтай бөлігі іске асқан. Құрылыс қарқынымен танысқан көшпелі отырыс тобының мүшелері жұмыс сапасына айрықша мән берілуін бақылады және елдің игілігіне бағытталған істерде олқылықтарға жол берілмеу мәселесі партияның негізгі ұстанымы екенін еске салды. Осылайша жалғасқан сапар аудан орталығындағы мәдениет үйінде арнайы басқосумен түйінделді.
Атап айтсақ, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Miras» азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі Қоғамдық кеңестің Түркістан облысы бойынша «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасына сәйкес Ордабасы аудандық мәдениет саласында атқарылған жұмыстардың есебін тыңдау бойынша көшпелі отырыстың мәжілісі және аудан тұрғындарын осы сала төңірегінде мазалаған мәселелері тыңдалды.
Әуелі, отырыстың күн тәртібіне сай сайлауалды бағдарламаның Ордабасы ауданы бойынша жол картасы тармақтарына сәйкес атқарылған жұмыстар, аудандағы мәдени ошақтардың жәй-күйі мен мәдениет саласындағы саясатты жүзеге асыру мәселелері бойынша тарихи-мәдени мұралар, мәдениет және өнер саласындағы іс-шаралар туралы Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Қыдырбай Сейтқұлдың есепті баяндамасы тыңдалды. Сонымен бірге, Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі «Бұқаралық жұмыс және экскурсия» бөлімінің меңгерушісі, қоғамдық кеңестің мүшесі Аида Өтеп баяндама жасады.
Баяндамашыларға бірқатар сұрақтар қойылып, аудан аумағындағы мәселелер талқыға салынды. Соның ішінде тұрғындардың кеңес мүшелерінен көп үміт күткенін айта кету керек. Аудандық «Ордабасы оттары» газетінің бас редакторы Ғалымжан Зиябек қасиеті жалпақ жұртқа ортақ Ордабасы тауындағы ескерткіш монумент бүгінде қайта жаңғыртуға сұранып тұрғанын ұсынды. Сондай-ақ, мәселе жауапсыз қалмаса екен дейді. Оған қоса, Бөржар ауыл округінің әйелдер кеңесінің төрайымы Салима Абулдаева, зейнеткер Рымкүл Ертай, тарих зерттеушісі Мәдіхан Омарұлы, зейнеткер Ұлғаным Әріпханқызы аудан көлемінде мәдениет саласындағы саясатты жүзеге асыру барысындағы біршама мәселелерді ортаға салды. Соның ішінде Төрткүл ауылынан келген Мәдіхан Омарұлы кеңес мүшелеріне туған топырағының қасиетіне құрмет белгісіндегі еңбектеріне қолдау білдіруді сұранды. «Дүниенің төртбұрышы, тоғыз жолдың торабы Төрткүлденмін», деп сөз бастаған қария киелі топырақтың бағзы замандағы атауын бүгінде кері қайтарғанын жеткізді. Сонымен бірге, қария Төрткүл төбенің мәселесін тілге тиек етті. Атауына сәйкес келіп тұрған бұл маңға археологиялық қазбалар жүргізілгенде бірнеше құнды мұралар табылыпты. Бағзы замандардан сыр шерткен көне заттардың табы тарихшыларды VI-XI ғасырларда өмір сүрген қала деген тұжырымға жетелеген, бірақ зерттеулер аяқсыз қалыпты. Осы істі соңына жеткізіп, тарихи орынның құндылығын арттыруды көздейтінін айтқан Мәдіхан Омарұлы жан-жақты қолдау қажет екендігін жеткізді.
Мәжілісті қорытындылаған Қоғамдық кеңес төрайымы ұсыныс-пікірлердің хатшылық назарына алынғанын және оны шешу барысында жауапты салаларға ұсыныс әзірленетінін түсіндірді.
Айта кетейік, көшпелі отырысқа «Miras» азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі Қоғамдық кеңес мүшелерінің құрамында журналист-ұстаз, профессор, белгілі сазгер Бекжігіт Сердәлі, «TURKISTAN MEDIA» орталығының атқарушы директоры Тельман Бейсен, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің басшысы, ақын Айдар Сейдәзім, «Түркістан медиа» ЖШС директоры, журналист Мәлік Дәулетов, кеңес хатшысы Қазыбек Тәжиев және «AMANAT» партиясы Ордабасы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Әлиасқар Бердімұрат қатысты.

М.ЖҰМАХАНҰЛЫ.