Home Қоғам ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: САУРАНДА СЕМЕЙ ЯДРОЛЫҚ ПОЛИГОНЫНЫҢ АРДАГЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: САУРАНДА СЕМЕЙ ЯДРОЛЫҚ ПОЛИГОНЫНЫҢ АРДАГЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Ғани Рысбеков Семей ядролық полигонында әскери қызмет атқарып, полигонның жабылуына үлес қосқан ардагерлермен кездесті.

Кездесуге “Түркістан облысы ядролық сынақ полигонының ардагерлері мен мүгедектері” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қ.Салықбаев, Семей ядролық полигонының ардагерлерімен қатар, тиісті бөлім басшылары, үкіметтік емес ұйым төрағалары қатысты.

Кездесуде аудан басшысы Семей ядролық полигонының зардаптарын жоюға үлес қосқан әрбір азаматтың ерлігі жастар үшін үлгі екенін атап өтті.

— Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен Семей полигонының жабылуы – ел үшін тарихи шешім болды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы құтты болсын! Биыл Семей полигонының жабылғанына да – 30 жыл. Біз әлемде алғаш боп ядролық қарудан бас тартқан мемлекетпіз. Адамзат баласына зор қауіп төндірген полигонның ауыртпашылығымен бетпе-бет келу арқылы Сіздер Отанымыздың патриоты екендіктеріңізді дәлелдедіңіздер. Семей ядролық полигоны зардаптарын болдырмау бағытында қажырлы еңбек сіңірдіңіздер. Сол себепті, Сіздерді өскелең ұрпаққа үлгі етіп, мақтан тұтамыз, — деген Ғани Құрмашұлы ардагерлердің отбасыларына амандық, дендеріне саулық тіледі.

Сонымен қатар, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларға тоқталып, ардагерлердің ұсыныстары мен өтініштері жергілікті атқарушы билік тарапынан орындалатынын айтты.

Кездесу барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Ахметов жүрекжарды лебізін жеткізсе, Семей полигонының ардагерлері Қ.Салықбаев және А.Қалиев сөз сөйлеп, ядролық полигон ауыртпашылығымен бетпе-бет келген азаматтарға құрмет көрсеткен аудан әкіміне алғыстарын білдірді.

Семей полигонының жабылуына 30 жыл толуына байланысты бірқатар азаматтар аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Салтанатты шара соңында полигонның зардаптарын жоюға қатысқан ардагерлер естелікке суретке түсті.