Home Қоғам ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ДЕПУТАТТАР ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ШАҒЫМЫН ҚАРАП ШЕШІЛУІНЕ АТСАЛЫСУДА

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ДЕПУТАТТАР ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ШАҒЫМЫН ҚАРАП ШЕШІЛУІНЕ АТСАЛЫСУДА


«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде онлайн және офлайн форматта кезекті қоғамдық қабылдау өтті. Түркістан облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев пен «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев 10-нан астам өтінішті тыңдады.
Алдын ала қабылдауға жазылған Түркістан қаласының тұрғыны, 2 топ мүгедегі З.Кулбаева жауапты мекемеден күтуші қарастыруды сұрады. Сондай-ақ жерінің құжатын рәсімдеуге қатысты шағымын да жеткізді. З.Кулбаеваның өтініштері назарға алынып, тиісті мекеме арқылы шешілетін болды.
Жетісай ауданының тұрғыны М.Ділдәбеков 2 мәселе көтерді. Біріншісі Жетісай ауданына қарасты Жаңа дала елді мекеніндегі тұрғындарды алаңдатқан газ мәселесі болса, екіншісі – Ынтымақ ауылдық округіндегі спорттық алаңша құрылысына облыстық бюджеттен қаржы бөлу. Екі мәселе де хаттамаға енгізіліп, мәслихат хатшысының атынан депутаттық сауал жолданатыны айтылды.
Төлеби ауданының бір топ ақсақалы Қасқасу ауылында жеке қаржыға салынған спорт кешенін мемлекеттік-жекешелік әріптестікке ендіруді және жыл сайын облыстық бюджеттен қаржыландырып отыруды сұрады. Зейнеткер А.Ермахамбетов мәселе шешілсе, ауылға қарасты 10 елді мекеннің балаларына спортпен тегін шұғылдануға мүмкіншілік туатынын айтты. Мәселе назарға алынып, мәслихат хатшысы мен фракция жетекшісі жауапты басқарма арқылы көмектесетіндіктерін жеткізді.


Партия филиалының фейсбук, инстаграм және Whatsapp желілеріне түскен сұрақтар мен өтініштердің басым бөлігі ауыл әкімдерін сайлау, спортшыларды қолдау, елді мекендердегі инфрақұрылым, жайылым жер, мал шаруашылығы, өнеркәсіп, әлеуметтік көмек, тұрғын-үй, интернет желісінің сапасы мен тағы басқа мәселелерге қатысты болды.
Солардың бірі, Сайрам ауданының тұрғындары Қарасу ауылдық округіне қарасты Ақбай каналының жөндеу жұмыстарына қаржы бөлуді облыстық мәслихаттың сессиясында қарауды ұсынды. Мәслихат хатшысы Қ.Балабиев бұл мәселе жайлы хабардар екенін жеткізіп, 2022 жылдың басында шешілетінін айтты.


Тікелей эфир барысында Түркістан облыстық мәслихат хатшысы Қ.Балабиев ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай облыста атқарылып жатқан іс-шаралар туралы баяндады. Әлеуметтік желідегі бірқатар сұрақтарға толыққанды жауап берді. Сондай-ақ облыстық, аудандық және қалалық мәслихат депутаттарының жұмыстарына да тоқталды.
«Әр уақытта әр депутат партияның қоғамдық қабылдаудаларында халықпен кездесіп, мұң-мұқтажын тыңдайды. Өтініштерін орындап, мәселеге қарай депутаттық сауалдар жолдайды. Әлеуметтік желіде де шешілген мәселелермен бөлісіп жатыр. Әрбір шағым мен мәселені назардан тыс қалдырмаймыз. Барлық депутаттардың белсенділігін партия жыл соңында рейтинг арқылы анықтайды» – дейді Қайрат Рахымұлы.


Фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев қоғамдық қабылдаудағы барлық өтініш пен мәселе бақылауға алынып, жұмыс жүргізілетінін жеткізді. Жыл басынан бері партияның Түркістан облыстық филиалдарындағы қоғамдық қабылдау бөлмелерінде депутаттар 1433 жеке қабылдау өткізіп, 3900-ден астам тұрғынның шағымын қарап, шешілуіне атсалысқанына тоқталды.

Халық қалаулылары қабылдауларды тек кеңселерде емес, проблемалы нысандардың басына барып, өткізіп келеді. Фракция мүшелері Сайлауалды бағдарламаның Жол картасын жүзеге асыруға белсенді түрде үлес қосуда.