Home Қоғам ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: АРЫСТАҒЫ АРДАГЕРЛЕР ОРТАЛЫҒЫ РЕСПУБЛИКАҒА ҮЛГІ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: АРЫСТАҒЫ АРДАГЕРЛЕР ОРТАЛЫҒЫ РЕСПУБЛИКАҒА ҮЛГІ


Бүгін Түркістанда облыстық Ардагерлер кеңесінің VIII конференциясы өтті. Оған өңір басшысы Ө.Шөкеев пен Республикалық «Ардагерлер ұйымы» Орталық кеңесінің төрағасы Б.Ізмұхамбетов және жазушы, «Жазушылар одағы» басқармасы төрағасының орынбасары М.Құлкенов қатысты.
Онлайн режимде ұйымдастырылған жиынға Арыс қаласының әкімі Г.Құрманбекова мен қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Исламбеков және ұйым мүшелері де қатысты.
Алқалы отырыста сөз алған облыс әкімі Ө.Шөкеев аудан әкімдеріне Ардагерлер кеңесін шеттетпей, әркез тығыз қарым-қатынаста болуды тапсырды.
«Ақсақалдармен етене байланыста болып, бірлесе жұмыс істеу үшін оларға кеңсе мен көлік сияқты қажеттіліктерін ұйымдастырып, шешіп беруіміз керек», – деді өңір басшысы.
Отырыста Түркістан облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Мәуленқұлов арнайы баяндама жасап, Арыс қаласындағы «Ардагерлер орталығын» республикамызда алғаш ашылған әрі үлгі боларлық жарқын жобаның бірі екендігін атап өтті.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың маусым айында қала әкімінің бастамасымен бұрын тойхана болған ғимарат қайта жарақтандырылып, ардагерлерге қызмет көрсететін орталық ретінде іске қосылғаны белгілі. Ол жерде бүгінге дейін тұрақты түрде 1 500-ден астам азамат тұз шахтасы мен массаж, тренажер залы мен кітапхана сынды 20-дан астам қызмет түрін тегін пайдаланып келеді.