Home Қоғам ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: АРЫСТА МЕРЕЙТОЙҒА АРНАЛҒАН АЙТЫС ӨТТІ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: АРЫСТА МЕРЕЙТОЙҒА АРНАЛҒАН АЙТЫС ӨТТІ

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Түркістан облысының 3 жылдығы және Арыс қаласының 65 жылдығына орай, қаладағы Ергөбек мәдениет үйінде жас ақындар арасында аламан айтыс өтті.

Қала әкімдігінің ұйытқы болуымен өткен республикалық ақындар айтысына еліміздің әр өңірінен 14 пен 29 жас аралығындағы 16 өнерпаз қатысты.

Ақын, Қазақстан мен Өзбекстан жазушылар одағының мүшесі әрі айтыс ақыны Бөрібай Оразымбет пен халықаралық және республикалық айтыстардың жеңімпазы М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің аға оқытушысы Кәрима Оралова және ақын-жазушы Темірхан Әбдіков әділқазылар алқасының құрамында төрелік етті.РФ

Сөз сайысында Алматы мен Атырау облысынан, Тараз бен Шымкенттен, Жетісай мен Отырар және Түркістаннан ат арылтып келген айтыскерлермен қатар, жергілікті ақындар да өнер көрсетті.

Қазылар алқасының шешімімен тараздық ақын Ербол Елшат бас жүлдеге лайық деп танылды.

Жергілікті ақын Нұрмахан Жақып I-орынды еншіледі.

Шымкенттік сөз зергері Нұржанат Базарбек пен түркістандық ақын Исламхан Мұхамедхан II-орынға, ал тараздан келген Мұхтар Қонарбай мен алматылық Айым Асылбекқызы және атыраулық ақын Кәдірбай Батыржан III-орынға лайық деп танылды.

Айта кетейік, елдегі коронарвирустық ахуалды ескере отырып ұйымдастырылған аламан айтысты көрермендер онлайн-режимде тікелей эфирде тамашалады.