Home Қоғам ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: АРЫС ТҰРҒЫНДАРЫ БАТЫСҚА 1 ВАГОН ШӨП ЖІБЕРЕДІ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: АРЫС ТҰРҒЫНДАРЫ БАТЫСҚА 1 ВАГОН ШӨП ЖІБЕРЕДІ


Елдің батысында қуаңшылықтан малы қырылып, жұт қысқан ағайынға Арыс тұрғындары да қол ұшын созды. Бұдан екі жыл бұрын осы Арыс қаласында алапат жарылыс болған кезде бүкіл ел болып көмек көрсеткен еді. Сол кездегі жұрттың ықыласына разы арыстықтар енді өздері белсеніп, қолдан келгенше аянып қалмауға тырысып жатыр. Бұл туралы журналистерге арналған баспасөз мәслихатында Арыс қала әкімі мәлімдеді. Гүлжан Құрманбекованың айтуынша, жергілікті кәсіпкерлер ірі шаруашылықтар мен көрші аудандарды аралап, бүгінге дейін мың жарым бума, яғни бір вагон шөп жинаған. Бір айта кетері, биыл Арыс маңында да шаба қоятын дайын шөп жоқ. Сондықтан белсенді азаматтар бірігіп, мал азығын сатып алып жатыр.
«Бірінші кезекте біз Арыс қаласының тұрғындарын мал азығымен қамтамасыз етуіміз керек. Ал кәсіпкерлер өздері жібереміз десе, вагонның бәрі тегін жасап береміз. Теміржол станциясымен келісім бар. Міне шөбіміз десе, біз вагонды беруге дайынбыз, көмектесуге. Біз оны қолдаймыз»- деді Арыс Қаласының әкімі.
Қазір тұрғындар дайын шөпті жүк көліктеріне тиеп, бір орталыққа жиыстырып жатыр. Көп ұзамай теміржол арқылы 1 вагон шөпті Маңғыстау өңіріне жеткізбек. Көмек бұнымен шектеліп қалмайды. Белсенділер алдағы уақытта да мал азығын жіберуді жоспарлап отыр.