Home Қоғам ТҮРКІСТАН: ӨҢІРДЕ СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫН ӨНДІРІСКЕ ЕНГІЗУ ҚОЛҒА АЛЫНБАҚ

ТҮРКІСТАН: ӨҢІРДЕ СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫН ӨНДІРІСКЕ ЕНГІЗУ ҚОЛҒА АЛЫНБАҚ

Ел Президенті 2023 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздегі маңызды проблемалардың бірі су тапшылығы мәселесі екенін мәлімдеді. Мемлекет басшысы суды үнемдеу технологияларын қолға алуды тапсырды.

Естеріңізге сала кетейік, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен өткен облыстық ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған мерекелік шарасында Сауран ауданы «Су шаруашылығы нысандарын қалпына келтіруден және су үнемдеу технологияларын өндіріске енгізуден» озат аудан атанды. Сумен қамтасыз етуді салыстырмалы түрде қарастырсақ, Қазақстан аумағында 39 мың өзендер мен уақытша су ағындары, су айдынының жалпы ауданы 45 мың шаршы шақырымды құрайтын 48 мыңға жуық көлдер бар. Республиканың оңтүстігі мен шығысында 95 текше шақырым судың қоры жинақталған мұздықтардың белдеуі бар. Бұл өз кезегінде еліміздің барлық өзендерінің ағынының жылдық көлеміне теңбе-тең келеді. Осының барлығын есептей келгенде Қазақстанның сумен қамтамасыз етілуі 1 шаршы метр шақырымға 37 мың текше метрді құрайды, сондай-ақ жылына бір адамға 6,0 текше метрден келеді. Су аз болған жылдары сумен қамтамасыз етудің деңгейі қажетті көлемнің 60 пайызын, ал бөлек өңірлер бойынша 5-10 пайызды құрайды.

Осыған орай Аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен ауданның апталық мәжілісі болып өтті. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, кеңесшілері, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және тиісті сала басшылары қатысты.

Мәжілістің күн тәртібінде 3 мәселе қаралды. Онда Сауран ауданына қарасты ауылдық округтердің тазалық жұмыстары туралы аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру инспекторлық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айдос Байжанов, көктемгі дала жұмыстарының барысы және су үнемдеу технологиясын енгізу бойынша ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Сәкен Оразбаев, Иассы ауылдық округі әкімінің 2024 жылға атқарылатын жұмыстары туралы ауылдық округінің әкімі Сыздық Пірметов баяндама жасады.

Ұйымдастыру инспекторлық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айдос Байжановтың мәлімдеуінше аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, ауылдық округтердегі елді мекендердің санитарлық-тазалық жұмыстарын тексеру барысында көптеген кемшіліктер анықталған. Барлық ауылдық округтердегі тазалық жұмыстары бойынша айтылған кемшіліктері слайд арқылы суреттерімен көрсетілді. Барлық айтылған кемшіліктерді баяндай келе, оларды жоюға бір апта уақыт беруі жөнінде ұсыныс білдірді.

Көктемгі дала жұмыстарының барысы және су үнемдеу технологиясын енгізу бойынша ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Сәкен Оразбаевтың айтуынша аудан бойынша 2024 жылға 43000 гектар егістік жерді игеру жоспарланған. 2024 жылдың өнімі үшін 3661 гектар күздік бидай егілген. Ауыл әкімдерінің мәліметіне сәйкес, бүгінгі күнге 20776 гектар жер айдалған. 445 шаруа 1581,8 тонна арзандатылған дизель отынын алуға өтінім тапсырған.

Бүгінгі күнге шаруалар электронды цифрлық қолтаңба арқылы жанармай таратушы операторларды таңдау жұмыстарын жүргізуде. Аудандағы 2096 ауыл шаруашылығы техникасының 2015 көктемгі дала жұмыстарына дайын екендігін жеткізді. Сонымен бірге, «Агро бизнес», «Кең дала», «Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізу» бағдарламасы аясында 25 шаруа қожалығы 248,33 млн. теңге несие алған.

Ауданда 2839 гектар жерге су үнемдеу технологиясы жұмыс істеуде. Ол жалпы егіс көлемінің 6,4 пайызын құрайды. Түркістан облысы агроөнеркәсіптік кешен саласында 2024-2028 жылдарға жалпы өнім көлемін 2 есеге арттыру жол картасына сәйкес, биылғы жылы қосымша 4839 гектар жерге су үнемдеу технологияларын орнатуға тапсырма берілгендігін атап өтті.

Мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі Мақсат Таңғатаров күн тәртібіндегі қаралған мәселелер бойынша ауылдық округ әкімдеріне санитарлық тазалық жұмыстарын дер кезінде жоюға нақты тапсырма беріп, орындалуы бақылауда болатынын жеткізді.

Осы орайда ақпараттық насихаттау жұмыстарымен Түркістан облысы тұрғындарының назарына маңызды мағлұматты ұсынып отырмыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет. Ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек. Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз. Ол үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керек. Негізгі міндет – 2027 жылға қарай қосымша екі текше шақырым суға қол жеткізу»,-деп айтқан болатын.

Осыған орай, қазіргі таңда Сауран ауданында 12 гектар жылыжай салынып, тапсырма 100% орындалды. 14 агроқұрылым қосымша 110 гектарға тамшылатып суғару әдісін өндіріске енгізіп, тапсырма 110%-ға орындалып отыр. Шаға ауылдық округінде «Яссы Агро» ЖШС-і 150 гектарға жаңбырлатып суғару құрал-жабдығын орнатса, «JMJ Агро» ЖШС Жібек жолы ауылдық округінен 500 гектар, Шорнақ ауылдық округінен 120 гектар және «Тәуекел Агро» шаруа қожалығы 350 гектарға жаңбырлатып суғару технологиясын жыл соңына дейін орнатқалы отыр.

Тамшылатып суару тәжирибесін пайдалану кезінде су қалай үнемделетініне тоқталатын болсақ, су негізінен өсімдіктің тамыр бойы аумағын ғана ылғандандырады. Осыған байланысты егістіктегі өсімдік қатарларына су жіберілмейді және бұл өз кезегінде суды бекерден ысырап қылмауды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар бұл технология арқылы өсімдікке үнемді түрде тыңайтқыштарды да себуге болады. Бұндай жұмыстардың барлығы автоматтандырылған, сондай-ақ өсімдіктің өсуіне қажетті заттар тиісті көлемде себіледі. Осындай тура өлшемдер егістіктің шығымдылығына оң ықпал жасайтыны күмәнсіз. Республика экономикасының барлық салаларында суды үнемдеудің жаңа технологияларын, су шаруашылығында өнеркәсіптік үдеріс бойынша басқарудың автоматтандырылған жүйесін, су ресурстарын тиімді пайдалану мен қорғау тұрғысында мемлекеттік саясатты жаппай енгізу Қазақстанның болашақ ұрпағына су ресурстарын сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар бұл саланы бұдан ары қарай дамыту аясында суды жинау үшін қажетті көлемде қосымша тиісті нысандардың, су тапшылығы бар өңірлерге су ресурстарын жіберуге негізделген нысандардың құрылысын іске асыру, сондай-ақ Қазақстанның жерасты суларының әлеуетін зерттеу біздің қазіргі кездегі су ресурстарының әлеуетін пайдалану бойынша мүмкіндіктерімізді арттырады.

“Су ресурсы еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды болып тұр. Жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өседі. Бұл – қалыпты құбылыс. Сол себепті 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Жалпы, біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршамызға ортақ табиғат байлығы. Осы су көздері біздің халықтарымызды, экономикамызды жақындастырады. Сондықтан көршілес әрі достас елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек. Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер”, – деді Президент.

Президент өз Жолдауында елдегі су тапшылығының зардабын азайту үшін тиісті сараптамалар мен талдаулар қажет екенін жеткізді. Ол суды үнемдеу технологияларының тым баяу енгізіліп жатқанын мәлім етті.

“Шаруалар мен өнеркәсіп өкілдеріне суға қатысты сапалы сараптамалар мен болжамдар керек. Бұл талдаулар әр жылы және орта мерзімді кезеңде судың мөлшері қандай болатынын да қамтуы қажет. Сондықтан бәрін алдын ала жоспарлаған жөн. Сондай-ақ ішкі су ресурстарын үнемдеп пайдалану өте маңызды. Суды үнемдейтін технология өте баяу енгізілуде. Суды шақтап пайдалану мәдениеті де жоқ. Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет. Ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек. Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз. Ол үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керек. Негізгі міндет – 2027 жылға қарай қосымша екі текше шақырым суға қол жеткізу”, – деді Тоқаев.

Осы орайда, былтыр қаңтарда су шаруашылығы саласының мамандары «Шардара» су қоймасында апаттық жағдай орын алса, төменгі бөлігіндегі 34 мың халқы бар 22 елді мекенді су басу қаупі барын айтып, дабыл қаққан болатын. Кейіннен Шардара ауданының әкімі елді мекендерді су басып қалу қаупі жоқтығын мәлімдеді. Облыс әкімдігі көктемгі су тасқынына қарсы дайындық жұмыстары тұрақты жүргізіліп жатқанын хабарлады. Жол картасына енгізілген тапсырмалар орындалған.