Home Қоғам ОНЛАЙН САНАҚТАН ӨТУДІҢ ТӘРТІБІ ТҮСІНДІРІЛДІ

ОНЛАЙН САНАҚТАН ӨТУДІҢ ТӘРТІБІ ТҮСІНДІРІЛДІ

Арыс қаласы әкімдігінің ғимаратында онлайн-режимде халық санағын ұйымдастыру мәселесі талқыланған жиын өтті. Арыс қалалық статистика басқармасы ұйытқы болған шараға әкімдік өкілдері мен халық санағын өткізуге жұмылдырылатын мамандар қатысты.

Арыс қаласы әкімінің аппарат басшысы Талғат Анашбеков пен Арыс қалалық статистика басқармасының басшысы Нұрғали Таутай жетекшілік еткен жиында халықты онлайн санақтан өткізу процесі мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне егжей-тегжейлі түсіндірілді. Нақтылай түскенде, халық санағын sanaq.gov.kz сайты арқылы жүргізудің тәртібі мен тетігі кеңінен баяндалды.

Айта кетейік, “Қазақстанда Ұлттық халық санағын өткізу 2020 жылғы 1-30 қазан аралығында жоспарланған болатын. Алайда, елде COVID-19 пандемиясына байланысты 2021 жылғы 1 қыркүйектен 30 қазанға ауыстырылды. Үкіметтің 2019 жылғы 19 маусымдағы қаулысына сәйкес, үшінші кезекті ұлттық халық санағы 2021 жылғы 1 қыркүйектен 15 қазанға дейін онлайн санақ жүргізу және 1 қазан мен 30 қазан аралығында планшет қолдану арқылы жаппай сауалнама жүргізу арқылы жүргізіледі.

Мәліметтерді жинау процесі екі жолмен жүзеге асырылады.

Бірінші әдіс – sanaq.gov.kz мамандандырылған сайтында интернет-сауалнама жүргізу, ол виртуалды көмекшінің көмегімен респонденттерге тұрған орнына қарамастан өздігінен санақтан өтуге және өзі, отбасы мүшелері үшін санақ парақтарын толтыруға мүмкіндік береді. Сайт 2021 жылдың 1 қыркүйегі мен 15 қазаны аралығында тәулігіне 24 сағат бойы қолжетімді болады.

Ал екінші әдіс – дәстүрлі жаппай сауалнама ағымдағы жылғы 1-30 қазан аралығында интервьюерлермен (вакцинациялаумен барынша қамтылған интервьюерлер, сондай-ақ олар үшін жеке қорғаныс құралдары: медициналық маскалар, пульверизаторы бар спрейлер және антисептиктер қарастырылған) электронды планшеттерді пайдалана отырып жүргізіледі.