Home Қоғам «FARAB» КІТАПХАНАСЫНА САУРАН АУДАНЫНАН РУХАНИ КЕРУЕН КЕЛДІ

«FARAB» КІТАПХАНАСЫНА САУРАН АУДАНЫНАН РУХАНИ КЕРУЕН КЕЛДІ

Жаңадан құрылған Сауран ауданы Түркістан қаласында жаңадан ашылған «FARAB» кітапханасында «Рухани керуен Түркістанда» акциясы аясында мәдени іс-шара өткізді.

Үш бөлімнен тұрған мәдени шараның алғашқы бөлімінде Сауран ауданының ақсақалдары мен әжелері және аудан өнерпаздары Жібек жолының бойында орналасқан көне Сауран қаласының сауда-саттығын және рухани-мәдени тыныс-тіршілігін көрсететін қойылым қойды.

Сауран ауданынан келген рухани керуенді аудан әкімінің орынбасары С. Садыбаев пен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж. Жумабекова бастап келді. Жібек жолы бойындағы сауда керуенін көрсеткен қойылымда ауданның ақ жаулықты әжелері мен аналары, өнерпаздары аудан зергерлерінің әшекей бұйымдарын, шеберлердің қыш құмыраларын көрсетті. Сондай-ақ, Сауранның саз балшығынан жасалған көне құмыра да көрермендердің қызығушылығын арттырды.

Қойылым соңында «FARAB» кітапханасына Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің және басқа да әлемнің әр жеріндегі ортағасырлық ғимараттардың құрылысына пайдаланылған, ерекше беріктігімен, ерекше сазымен танымал көне Сауран қаласының кірпішін сыйға тартты.

Мәдени шараның екінші бөлімінде аудан әкімінің орынбасары С. Садыбаев пен «FARAB» кітапханасының басшысы Ж. Шардарбекова шараны салтанатты түрде ашып, құттықтау сөз сөйледі.

««Farab» кітапханасы облысымызда ашылған заманауи кітапхана. Бұл кітапхананың атмосферасы да, аурасы да бөлек. Жаңадан құрылған Сауран ауданы кітапхана қорын толықтыру үшін кітаптар алып келіп, арнайы шара өткізуде. Кітапхана ұжымының жұмысына сәттілік тілей отырып, оқырмандары көп болсын деген тілек білдіреміз», – деді аудан әкімінің орынбасары.

Шарада ауданның жас ақындары Түркістанға арнаған өлеңдерін тарту етіп, жас көркемсөз оқу шеберлері Қожа Ахмет Яссауидің хикметтерін оқыды. Сондай-ақ, ортағасырлық қалалар ішінде ең жақсы сақталған Сауран қалашығының тарихына және тәуелсіздіктің отыз жылдық мерейтойына арналған көрмелер таныстырылды.

Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын Сапа» сыйлығының лауреаты, Сауран ауданының жеке кәсіпкері Ф. Құдайбергеновтың қыштан және ағаштан жасалған қолөнер бұйымдары да көрмеге қойылып, қонақтардың көңілінен шықты.

Шараның үшінші бөлімінде Сауран ауданының тумасы, профессор, композитор Бекжігіт Сердәлімен кездесу өтті. «Жан жүрегі ән – Бекжігіт Сердәлі» атты кездесуді ауданның мәдениет қызметкері, ақын Сайлаухан Жоланов жүргізді

Сазгермен өткен сазды кездесуде ел ішіне кең тараған әндердің авторы, халықтың сүйіктісіне айналған Бекжігіт Сердәлі: «Мен де Сауран ауданының тумасымын және онымен мақтанамын. Тарихи топырақта Сауран ауданының құрылғанына шын қуаныштымын», – деп жаңа ауданның жұмысына сәттілік тілеп, әндерінің шығу тарихымен және қазіргі әндерде кездесетін мәселелер жөнінде өз ойын бөлісті. Түркістан облыстық аналар кеңесінің төрағасы Ұ. Мұстафаева мен ардагер Ө. Қуанышбаев құттықтау сөз сөйледі.

Кездесуде Сауран ауданының өнерпаздары сазгердің әндерін шырқады. Шара соңында аудан әкімінің орынбасары С. Садыбаев композитор Б. Сердәліге Сауран ауданының әкімі Ғ. Рысбековтың арнайы алғыс хатын табыстап, сазгердің иығына шапан жапты.

Сауран ауданының әкімдігінің ұйымдастыруымен, «Рухани керуен Түркістанда» акциясы аясында өткен шараға аудандағы ауылдық округтердің кітапхана қызметкерлері де белсене қатысты.

Шара соңында «FARAB» кітапханасы қорына ҚР Тәуелсіздігің 30 жылдығына орай, 30 кітап табысталды.