Түркістанда ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш қойылды. Еңселі ескерткіштің биіктігі – 4 метр, тұтастай қоладан құйылған мүсіннің авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайтарткері, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Тілеуберді Бинаш. Ескерткіш ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың егіс алқабында түскен фотосуретіне қарап жасалған.
Түркістандағы жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында орнатылған мүсіннің композициясында «Ұлы Даланың Ұлы» атты Елбасы ескерткішінде қарт Қаратаудың сұлбасы бейнеленген. Автор Елбасының Қаратау жазығында шексіз далаға байыппен қараған сәтін суреттеген. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа ескерткіш қою туралы бастаманы кәсіпкер Болатбек Алиев көтеріп, аталған идеяға түркістандық ардагер-ақсақалдар, зиялы қауым өкілдері, мәслихат депутаттары мен кәсіпкерлер, қоғамдық ұйым өкілдері қолдау білдірген болатын. Облыс әкіміне үндеу жазған тұрғындардың өтініш-тілектері Орталық мемлекеттік органдар келісімімен жүзеге асты. Бұдан бөлек, Түркістан қаласының әкімдігі тарапынан аталған бастамаға қатысты жергілікті тұрғындар арасында сауалнама жүргізілді. Сауалнамаға 1000 респондент қатысып, олардың 93% бастаманы қолдайтындарын білдірген болса, респонденттердің 4,5% қарсы, 2,5% бейтарап позицияны ұстанған.