Home Қоғам ЕҢБЕК ЕРЛЕРІНЕ ЕСКЕРТКІШ ОРНАТЫЛДЫ

ЕҢБЕК ЕРЛЕРІНЕ ЕСКЕРТКІШ ОРНАТЫЛДЫ

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, сонымен қатар Арыс қаласының 65 жылдығы қарсаңында тағы бір жақсы жаңалық.

Қаламыздың орталығында орналасқан «Батырлар алаңында» ерен еңбектерімен есімдері ел есінде қалған 4 Социалистік Еңбек Ерлерінің мүсіндері тас тұғырға орнатылып, аттары айшықталып жазылды. Ондағы мақсат – даңқты азаматтардың өмірі мен қызметін кейінгі ұрпаққа үлгі ету.

Салтанатты рәсімді қала әкімі Гүлжан Құрманбекова ашты. Сондай-ақ салтанатты рәсімге қалалық мәслихат хатшысы А.Байтанаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, мүсінші Т.Бинашев, дербес бөлім басшылары және Еңбек Ерлерінің ұрпақтары мен қала тұрғындары қатысты.

Ескерткіштердің ашылу рәсімінде сөз сөйлеген қала әкімі Г.Мамытқызы Еңбек ерлерінің кәсіби біліктілігі мен адами қасиеттерін тілге тиек етіп, олардың өмір жолынан кейінгілерді үлгі алуға шақырды.

  • «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – ұран» десек, мұның бәрі – аға ұрпақтың ерлік істерін ешқашан естен шығармау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар. Қаламыздың өркендеуіне үлес қосып жүрген әрбір тұрғындарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Кейінгі жас ұрпақты тек адал еңбекті сүюге шақырамын.- деді қала басшысы.

Еңселі ескерткіштерде Кеңес Одағының Социалистік Еңбек Ері атағын алған қаламыздың азаматтарының мүсіні бейнеленген. Олар қажырлы да қажымас еңбектерінің арқасында Социалисттік Еңбек ері атағын алған Артық Есқожаев (1890-1963 жж.), Шырымбек Жұмабеков (1900-1964жж.), Айту Досымбеков (1894-1970жж.), Қапал Құттыбеков (1897-1979жж).

Елі үшін аянбай еңбек еткен атпал азаматтардың еңбектері бүгінгі ұрпаққа үлгі, өнеге!