Home Қоғам АРЫСТА ТАҒЫ БІР АСПАЛЫ КӨПІР САЛЫНАДЫ

АРЫСТА ТАҒЫ БІР АСПАЛЫ КӨПІР САЛЫНАДЫ

Бүгін қала әкімі Гүлжан Құрманбекова азаматтардың жеке мәселелері бойынша жеке қабылдау өткізді.

Әкімнің апта сайынғы дәстүрлі қабылдауына келген 25-ке жуық тұрғын көкейде жүрген мәселелерін айтып, ұсыныс, пікірін ортаға салды.

Қала тұрғыны Б.Исабекова қайтыс болған сіңлісінің жалғыз ұлын үй кезегіне қоюға, сондай-ақ жетім ұлды өз қамқорлығына алу бойынша құжат рәсімдеуге ықпал етуді сұрады. Тұрғынның өтінішін ден қойып тыңдаған Гүлжан Мамытқызы қалалық білім бөліміне заң аясында іске асыру үшін тиісті тапсырма жүктеді.

«Баламекен» тұрғын алабынан келген зейнеткер С.Дауылбаев қаламызда «Батыр аналар аллеясын» ашу туралы ұсыныс айтты. Сондай-ақ, ол ұзақ жыл медбике боп істеген келініне жұмыс сұрай келген. Өз кезегінде қала әкімі зейнеткер ұсынысына қолдау білдіріп, келінінің қызметке орналасуға ықпал ететін жеткізді.

Жеке қабылдау кезінде қала тұрғындарының бірі А.Көкежанова көптің көкейінде жүрген өзекті мәселені көтерді. Бір топ азаматтың өтінішін жеткізген ол, Арыс-2 темір жол вокзалы тұсынан жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір салып беруді сұрады. Өйткені, қазіргі кезде темір жолдың қарсы бетіндегі №11 мектепке баратын балалардың қауіпті аймақпен жүруіне тура келеді.

Бұл жағдайдан хабардар екенін тілге тиек еткен қала әкімі осы күндері аталған аумақта темір жол үстінен аспалы көпір салуға қатысты жобалық-сметалық құжат дайындалып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, ол өзекті әрі өткір мәселені көтерген А.Көкежанованың азаматтық белсенділігіне алғыс айтты.

Айта кетейік, қабылдау шарасына келген азаматтардың дені тұрғын үй кезегі, денсаулық, әлеуметтік көмек жөніндегі мәселелерді көтерді. Қала әкімі қабылдауға келген тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тиісті бөлім басшыларына тұрғындар мәселесін заң шеңберінде шешуді жүктеді.