Home Қоғам АРЫСТА «ҚОЛҒАБЫС» ҚОРЫ ТЕГІН ҮЙ ТҰРҒЫЗА БАСТАДЫ

АРЫСТА «ҚОЛҒАБЫС» ҚОРЫ ТЕГІН ҮЙ ТҰРҒЫЗА БАСТАДЫ

«Жетім көрсең – жебей жүр» деген бабалар сөзін берік ұстанған Арыс қаласының тұрғындары жұдырықтай жұмылып, қайырымды істі қолға алды. Бүгін қаладағы «Қолғабыс» қорының ұйымдастыруымен баспанаға мұқтаж 2 отбасыға арнап салынатын үйдің іргетасы қаланды.

Қайырымдылық шараға қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мен мәслихат хатшысы Амантай Байтанаев, пейілі кең, жаны жомарт азаматтар мен арыстық кәсіпкерлер және қалалық Ардагерлер ұйымының өкілдері қатысты. Жалпы демеушілердің есебінен тұрғызылатын бұл үй баспанаға шын мұқтаж отбасыларға тегін беріледі.

«Олардың қатарында асыраушысынан айырылған, көп балалы немесе тұрмысы төмен отбасылар бар. Ал баспананы тұрғызып, толық пайдалануға беру жұмыстарын үйлестіруді «Қолғабыс» қайырымдылық қоры жүргізеді. Біз «жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған» текті елдің ұрпағымыз. Сондықтан, түрлі жағдайға ұшырап, тағдыр талайына түссе де, жігері жасымаған жандарға көмектесіп, қол ұшын созу атадан балаға мирас болып келеді. Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен қатар келген Арыс қаласының 65 жылдығы қарсаңында қолға алынып жатқан осындай шарапаты мол, қайырымды іске баршаңызды атсалысуға шақырамыз», – деді қор төрағасы Сырлыбек Мұсабеков.

Алдағы уақытта «Бала мекен» ықшам ауданында 8 отбасыға арнап бой көтеретін болады. Құрылыс жобасы бойынша тұтас бір шатырдың астында қос бөлмелі екі пәтер орналасады. Тағы бір ерекшелігі мұнда жайғасқан отбасылардың тұрмысы түзелген шақта бөлме санын көбейтуге немесе қосымша құрылыс жүргізуге болатындай ыңғайлы жоба таңдалған.
Ізгілікке үндейтін алғашқы нысанның іргетасын қалау рәсіміне ардагерлермен бірге Арыс қаласындағы 44859 әскери бөлімінің жанынан құрылған «Арыс» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері де қатысты.

Айта кетейік, Арыс қаласында «Қолғабыс» қайырымдылық қоры биылғы жылдың маусым айында ресми түрде қызмет көрсете бастады. Қор жетекшісінің айтуынша, бүгінге дейін аталған ұйымға 144 өтініш түскен болса, арнайы тексерістен кейін олардың ішінен көмекке шын мұқтаж ретінде 93 отбасы тізімге алынған. Нәтижесінде, 112 көмек пен қызмет түрі тұрғындарға ұсынылды.