Home Қоғам АРЫСТА БОКСТАН КЕНЖЕХАН БЕКЗАТОВ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИР БАСТАЛДЫ

АРЫСТА БОКСТАН КЕНЖЕХАН БЕКЗАТОВ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИР БАСТАЛДЫ

Қаламызда жерлесіміз, Кеңес Одағының спорт шебері және Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген бапкері Бекзатов Кенжехан Әлтайұлын еске алуға арналған, 2008-2009 жылы туған жасөспірімдер арасында бокстан халықаралық турнир басталды.

15 қазанға дейін созылатын дода Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Арыс қаласының №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ұйымдастыруымен өтуде.

Спорт кешенінде өтіп жатқан халықаралық жарыстың ашылу салтанатында сөз алған қала әкімінің орынбасары Р.Айтбаев: «Жарыстың мақсаты – жастарды спортқа, отаншылдыққа баулу. Кенжехан аға мықты спортшы болды. Біз өмірден қыршын кеткен, жалындап өткен осындай азаматтардың өнеге жолы арқылы келешегі мықты жастарды, рухты перзенттерді тәрбиелеуіміз керек. Сондықтан да бүгінгі өткізіліп отырған турнирдің маңызы өте зор» – деп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Халықаралық AIBA стандарттарына сай өтіп жатқан турнирде Өзбекстан, Қырғызстан республикаларынан, еліміздің барлық облыстарынан он тоғыз салмақ дәрежесінде 415 спортшы өнер көрсетеді.

Сайысты жыл сайын, дәстүрлі түрде өткізу жоспарлануда.

Қала тұрғындарын жерлестерімізге демеу көрсетуге шақырамыз!