Home Қоғам АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ

АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ

Бүгін Арыс қаласындағы мәдениет үйінде “Ардагерлер ұйымы” республикалық қоғамдық бірлестігінің Арыс қалалық ардагерлер кеңесінің кезекті VIII конференциясы өтті. Шараға қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мен қалалық мәслихат хатшысы Амантай Байтанаев және ардагерлер ұйымдарының өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде “Ардагерлер ұйымы” Арыс қалалық ардагерлер кеңесінің 2016-2020 жылы атқарған жұмыстары мен тексеру комиссиясының жұмысы қорытындыланды.
Сонымен қатар, жиында көпшіліктің дауыс беруімен “Ардагерлер ұйымы” Арыс қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері мен тексеру комиссиясының мүшелері де сайланды. Сондай-ақ, Түркістан облыстық ардагерлер ұйымының VIII конференциясына делегаттар да осы отырыс аясында айқындалды.
Алдын ала нақтыланған мәселелер шешілген соң, сөз алған қала әкімі Гүлжан Құрманбекова қариялар қауымының белсенділігіне ризашылығын білдірді.
«Ең алдымен мен осында отырған ардагерлеріміз бен қарттарымызға риясыз алғыс айтқым келеді. Өйткені, арыстық ардагерлер елдің мәселесін оңтайлы шешуде әкімдік өкілдерімен етене араласып, өте белсенді жұмыс жүргізеді», – деді Гүлжан Мамытқызы.
Сонымен қатар, ол алдағы уақытта Арыс қаласы маңындағы 4 ауылдық округте ауыл әкімдерін сайлауы өтетіндігін еске салған әкім, республикалық ауқымдағы шара ойдағыдай ұйымдастырылып, сәтті өтетіндігіне сенім білдірді.
Ардагерлер ұйымы мүшелерінің дауыс беруі нәтижесінде, осы кезге дейін Арыс қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып келген Батырбек Исламбеков аталған лауазымды алдағы 5 жыл бойы әрі қарай жалғастыратын болып шешім қабылданды.