Home Қоғам «АМАNАТ»: РЕФЕРЕНДУМДЫ ҚОЛДАУ ҮШІН ОБЛЫСТЫҚ ШТАБ ҚҰРЫЛДЫ

«АМАNАТ»: РЕФЕРЕНДУМДЫ ҚОЛДАУ ҮШІН ОБЛЫСТЫҚ ШТАБ ҚҰРЫЛДЫ

«AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов бейнеконференция байланысы арқылы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдумды қолдау үшін партияның республикалық штабының алғашқы жиынын өткізді. Жиын барысында Президенттің жалпыұлттық референдум өткізу бастамасын қолдау жөніндегі «AMANAT» партиясының үндеуін жариялады.

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары мен іс-шараларды ұйымдастыру үшін партия республикалық және 17 өңірлік штаб құрды. Олардың құрамына орталықтағы және өңірлердегі «AMANAT» активтері кірді. Аталған жұмыстарды үйлестіруге Парламент пен мәслихаттардағы фракция депутаттары, зиялы қауым өкілдері, мәдениет пен спорт қайраткерлері, жастар қанаты мен өңірлердегі филиалдар атсалысады. Партия мүшелері өңірлерде және шалғай елді мекендерде сайлаушылармен кездеседі.

Ал Түркістан облысында партия филиалдары жанынан 18 штаб құрылып, бүгін аймақтық штабтың алғашқы жиыны өтті. Облыс бойынша штаб мүшелерінің саны 425 адам. Оның 36-сы облыстық штаб мүшелері, 389-ы аудандық, қалалық деңгейдегі штаб мүшелері.

Облыстық штабтың төрағасы болып бекітілген Бейсен Тәжібаев Партия Төрағасы жүктеген тапсырмалар мен алда өтетін ауқымды да маңызды шаралар туралы хабарлады.

  • Ел үшін, халық үшін осындай маңызды сәтте біздің партиямызда тыс қалмай өзінің барлық ресурстарын қолдана отырып, үгіт-насихат жұмыстарына қатысатын болады. Облыста 1 163 004 сайлаушы бар. 911 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Сонымен қатар, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін 1454 іс-шарадан тұратын желілік кесте бекітілді. Оның 406-ы Орталық және облыстық деңгейдегі,1048-і аудандық, қалалық деңгейдегі іс-шаралар. Іс-шаралардың 297-сі онлайн форматта өтеді. Жалпы қамтылатын сайлаушылар саны 37 183 адам. Баршаңызды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына белсенді қатысуға шақырамын , – деді ол.

Түркістан облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев және өңірлік филиалдың Атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева штаб төрағасының орынбасарлары ретінде бірлесіп жұмыс атқаратын болады.

Атап өтерлігі, Түркістан облысына 12-19 мамыр және 23-31 мамыр аралығында Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаттары Дархан Мыңбай, Құдайберген Ержан, Қайнар Абасов, Сырым Ертайов іссапармен келеді деп күтілуде. Үгіт-насихат жұмыстарына қатысу үшін 2 толқыннан тұратын жұмыс кестесіне сәйкес олар облысымыздың шалғай елді мекендерінде 203 іс-шараға қатысады.

Партия Төрағасы Е.Қошанов: «Президент Қазақстан халқына жариялаған биылғы Жолдауында ауқымды саяси реформалар ұсынды. Бұл реформалардың мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру, суперпрезиденттік басқару формасынан Парламент пен мәслихаттардың рөлі күшейген саяси жүйеге көшу, демократиялық процестер қарқынын үдету, елдегі бірлік пен ынтымақты арттыру», – деп мәлімдеді. Сондай-ақ ауқымды реформалар сайлау, партиялық және сот-құқықтық жүйесін, аумақтық-территориялық құрылымы мен мемлекеттік биліктің бөліну принципін түбегейлі өзгертетінін атап өтті.