Home Экономика ТҮРКІСТАНДЫҚТАР ЕЛОРДАДА СҮТ ӨНІМДЕРІН ТЕГІН ҮЛЕСТІРМЕК

ТҮРКІСТАНДЫҚТАР ЕЛОРДАДА СҮТ ӨНІМДЕРІН ТЕГІН ҮЛЕСТІРМЕК

Түркістан облысында өндірілген ауылшаруашылық саласындағы алғашқы өнімдер Нұр-Сұлтан қаласына жөнелтілді. Жолға шыққан жүк көліктеріне жалпы құны 116 млн. теңгені құрайтын 365 тонна өнімдері тиелген.

Облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов азық-түліктер және көкөністер елордалық тұрғындар мен қонақтарға базар нарқынан 10-15 пайызға арзан ұсынылатынын айтты.

«Нұр-Сұлтан қаласын қауіпсіз азық-түлікпен қамтамасыз ету жөніндегі 2018-2020 жылдарға арналған жол картасы аясында Түркістан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен маусым айының 1-2 күндері ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізіледі. Өңірімізде өткен жылдармен салыстырғанда көктемгі дала жұмыстары 1 апта мерзімге ерте басталды. Нәтижесіндеқазір 250 мың тонна көкөніс, 22 мың тонна картоп, 1500 тоннаға жуық жеміс-жидек өнімдері өндірілді», – деді Нұрбек Бақытбайұлы.

Сондай-ақ, іс-шара аясында түркістандық кәсіпкерлер 1 маусым «Халықаралық балаларды қорғау» күніне орай 16 жасқа дейінгі балаларға табиғи таза балмұздақ пен сүт өнімдерін тегін үлестіретін болады. Жыл соңына дейін Түркістан облысынан дәл осындай ауылшаруашылық тауарларының керуені тағы 4 рет жолға шығатын болады.

Айта кетейік, басқарма басшысының сөзінше, облыста ауылшаруашылық саласындағы еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру мақсатында инвестициялық жобаларды іске асыруға басымдық беріліп отыр. Мәселен, биылдың өзінде аталған салада алдыңғы қатарлы технологияларды қолдана отырып және халықты жұмыспен қамту бағытында жалпы құны 89 млрд. теңге болатын 480 жобаны жүзеге асыру көзделген. Жоспар орындалса, 4620 жаңа жұмыс орындары ашылатын болады. Қазірдің өзінде 130 жобасы іске асырылды.

Сонымен қатар, бүгінде егіс алқаптарынан жылына 2-3 өнім алу мәселесі де басты назарда. Осы бағытта 69 жоба қолға алынып, оң нәтижеге қол жеткізілді.