Home Дін ПАРАҚОРЛЫҚ – АСЫЛ ДІНІМІЗДЕГІ ЕҢ АУЫР КҮНӘ

ПАРАҚОРЛЫҚ – АСЫЛ ДІНІМІЗДЕГІ ЕҢ АУЫР КҮНӘ

Ағымдағы жылдың қараша айының 25 мен 30 күндері «Түркістан – адалдық алаңы» Жобалық кеңсесінің бастамасымен облыстағы барлық кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарында дін өкілдерінің қатысуымен «Пара – нәсіп болмайды» тақырыбында келелі кездесулер өтті.
Жиынның негізгі мақсаты – өскелең жастардың бойына адалдық, парасаттылық, әділдік құндылықтарын дәріптеу және діни тұрғыдан әлеуметтік дерттің зардаптарын түсіндіру.
Игілікті іске бағытталған аталмыш шара өңірге қарасты барлық білім беру ошақтарының жанынан ашылған «Парасаттылық мектебі» аясында ұйымдастырылды.
Кездесу барысында дін өкілдері жастар қауымына діни кітаптарда жазылған даналық ойларды дәріптеп, пара алуға құныққан жанның арам жолмен тапқан дүниесінің өтеуі ауыр болатынын жеткізді.
Жиында ислам шариғатында кез келген мәселенің үкімі Құран аяттары мен хадистерге байланыстырылып шығарылатындығы және қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 188-аятында: «Малдарыңды арам жолмен жемеңдер, сондай-ақ, біле тұра адамдардың малының бір бөлігін жеу үшін билерге апармаңдар» – деп жазылғандығы атап өтілді.
Сондай-ақ, пара беруші мен пара алушының, тіпті олардың арасында жүрген делдалдардың екі өмірде де бақытқа жетпейтіндігі өскелең ұрпаққа жіті түсіндіріліп, дана бабаларымыздың «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» – деп адамның ары мен малы таразыға түскенде, ешқандай тамыр-таныстың, сыбайластық байланыстың болмайтындығы атап көрсетілді.
Жиын соңында жастарды жемқор болуға емес, халыққа қамқор болуға үндеген дін өкілдері ұлттық құндылықтарды жоғары қоюға және ізгі қасиеттерді серік етуге дәріптеп, парақорлық аясында жас буын тарапынан қойылған бірқатар сауалдарға жауап берді.