Home Басты жаңалықтар Түркістанға сирек қолжазбалар кітапханасының басшысы келді

Түркістанға сирек қолжазбалар кітапханасының басшысы келді

Түркістан қаласына Сүлеймания қолжазбалар кітапханасындағы сирек кездесетін қолжазбалар басқармасының басшысы Хусейн Кутан, Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TİKA) өкілі, доцент Албина Тузлу және аталған агенттіктің Қазақстандағы өкілі Исмаил Гүрлек арнайы іссапармен келді.

Сапар барысында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі қызметкерлерінің екі жылдан бері Түркі әлемінің тұлғасы Қожа Ахмет Ясауи ізімен жасалып жатқан ғылыми-танымдық экспедиция жұмысының нәтижелерімен танысып, жуырда ғана қорық-музей мен Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі арасындағы меморандум аясында келісілген ауқымды істерді бастауға ниетті екендіктерін жеткізді. 

«Ең алдымен сіздерге Түркия елі атынан алғыс айтамын. Сіздер өте жоғары деңгейде жұмыс атқардыңыздар. Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың мұрасын түгендеу мақсатында жасаған еңбектеріңіз Түркия Республикасының телеарналары мен баспасөз беттерінде кеңінен тарады. 

Сіздер анықтаған қолжазбаларды заманауи үлгіде кітап етіп шығаруды жоспарлап отырмыз. Жаңе бағытты қамтитын кітапты Түркі елдерінің тілдеріне аударып, кеңінен насихаттауға қолдау көрсетеміз»,-деді Сүлеймания қолжазбалар кітапханасындағы сирек кездесетін қолжазбалар басқармасының басшысы Хусейн Кутан мырза.