Жүзім шаруашылығын жүргізуді қолға алған Төлеби ауданы Тасарық ауылының тұрғыны Сабыржан Танабаев бүгінде кәсібін өркендетіп отыр. Аумағы 18,6 га жүзім бауында тұрақты 16 адам, жиын-терім, егіндік маусымында 100 ге жуық адам жұмыспен қамтылады. Жүзім бауында бүгінде жемістің 4 түрі өсіріледі. Оларды күтіп-баптау, дәрілеу, зиянкестерден қорғау үшін профилактикалық жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі.
«Жүзім өсіру үшін бұл салаға толыққанды кірісу қажет. Себебі, оны күтіп-баптау ісі екінің қолынан келе бермейді. Жүзім ағашы өте нәзік болғандықтан, оған көп күтім керек. Ескіріп, жарамсыз күйге түскен көшеттерді қайта алмастырып отырамын. Көшеттерді көршілес Өзбекстаннан тапсырыспен алдырамын»,- дейді кәсіпкер. Шілде, тамыз айларында пісіп жетілген жүзімдерді арнайы сауда орындарына, базарларға шығарып, көтерме бағамен өткізеді.
Жеміске сұраныс та көп. Жүзімнен маусымында 30-40 тонна өнім алады. Жүзімдерді ұзақ мерзімге сақтап, оны экспортқа шығаруды жоспарлап отырған қожалық бұл мақсатта алып тоңазытқыш алуды жоспарлап отыр.