Home Басты жаңалықтар Түркістандық жастар “Айбын” байқауына дайындалуда

Түркістандық жастар “Айбын” байқауына дайындалуда

Түркістан облысында Арыс, Созақ, Төлеби аудандарының жас патриоттары «Айбын» VIІ республикалық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысуға дайындықты бастап кетті. 2 айға созылатын шара елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты іс-шара екінші рет онлайн режимде өткізіледі. Республикалық жиынға еліміздің барлық өңірлерінен 50-ге жуық командалар қатысады.

Олардың құрамында «Жас ұлан» республикалық мектептерінің, өңірлік әскери мектеп-интернаттарының, Қарулы Күштердің әскери-патриоттық клубтарының, ҰҚК Шекара қызметінің, ІІМ Ұлттық ұланының, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарының тәрбиеленушілері бар.Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұрақты назарының арқасында «Жас Сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қозғалысының қызметі жыл сайын жанданып келеді. Үйлестіру мақсатында Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында фронт-офис құрылды. Онда Led-экран арқылы барлық жарысқа қатысушылардың өнерін көруге болады. Командалар өз елді мекендерінде тікелей көрсетілімді жүзеге асыра алады.

Іс-шараны өткізу үшін Aibynonline.kz онлайн-платформасы және Aibyn мобильді қосымшалары мен веб-сайт әзірленді. Жастарды Қарулы Күштердің әскери қызметіне дайындауға бағытталған шарада Түркістан облысының намысын Арыс қаласынан «БАРЫС», Созақ ауданынан «Жас Қыран», Төлеби ауданынан «Төлеби тарландары» әскери-патриоттық клубтарының жас сарбаздары қорғайды. Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы полковник Н.Дюсебаев барлық қатысушылардың дайындығын тексеріп, ұйымдастыру жұмыстарын қадағалап, бірқатар тапсырма қойып, командаларға сәттілік тіледі.