Home Басты жаңалықтар Түркістан: Жаңа кесене бой көтерді

Түркістан: Жаңа кесене бой көтерді

Қасиетті Құрбан айт мерекесінің қарсаңында Жетісай ауданы, Қазыбек би ауылдық округінде Жамантай Қанайұлы Бейсенбаевтың демеушілігімен «Таубай ата» кесенесі ашылды. Кесенеге Өзбекстан Республикасы, Фарш ауданы, Ерімбетов совхозындағы Таубай ата құдығы зиратынан Таубай ата мен ел арасында Қыз әулие атанып кеткен қызы Бибігүлдің топырағы әкелініп қойылды.

Іс-шараның салтанатты ашылуына аудан әкімі Мұрат Болатұлы мен ауданның бас имамы Жорабай Дулатбаев, аудандық мәслихат депутаттары мен зиялы қауым өкілдері, ел ағалары қатысты. Әруақтардың рухына құран бағышталып, дұға жасалды. Кесененің ашылу салтанатында Таубай Әбдірахманұлы мен Бибігүл Таубайқызына арнап кесене тұрғызып, қасиетті жандардың қазақ топырағына қайта оралуына үлкен үлес қосқан Жамантай Қанайұлына алғыс білдірген ел зиялылары иығына шапан жауып, сый-құрмет көрсетті. Елдің ертеңі мен болашағының жарқын болуын тілесіп, бата жасасты.

Нұрбаев Таубай Әбдірахманұлы григорян күнтізбесі бойынша 1746 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауылының тұсындағы Сырдария өзенінің сол жақ бетіндегі Қызылқұмда (бұрынғы Кеуректің құмында) дүниеге келген. Атасы Нұрбай мен әжесі Шәмшия діни сауатты, өсіп-өнген, тәрбиелі жандар болған деседі. Өз кезегінде Таубай Әбдірахманұлы да медреседе оқып, діни білім алған. Жастайынан еңбекқор, шымыр, ержүрек болып өскен бала шариғатқа жетік, Құран-Кәрімді жатқа білген. Дарбаза елді мекенінен мектеп-медіресе ашып, жас ұрпақты дін ислам жолына баулыған. Ұстаздық жасап, көптеген шәкірт тәрбиелеген.