Home Басты жаңалықтар Түркістан: Өзгерістер жолы

Түркістан: Өзгерістер жолы

14 шілдеде аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар мен кенттер әкімдері сайлауының үгіт-насихат кезеңі басталды. Аламанға қосылған тұлпардай саясат сахнасынан жарқырай көрініп, елдің аманатын орындауды мақсат тұтқан азаматтар өз-өздерін, бағдарламаларын таныстырып, сайлау науқанына кірісіп кетті. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған демократиялық бетбұрысты қоғам жылы қабылдап отыр.

Бұл саяси додаға республика бойынша «Nur Otan»-нан 586 кандидат тіркелді. Оның ішінде Түркістан облысында «Nur Otan» партиясы 48 кандидатты ұсынып отыр. Бұл азаматтардың бәрі қоғамдық жұмыста, мемлекеттік қызметте, елдік мәселелерде шыңдалған жандар. Жалпы Түркістан облысының 60 ауылдық округінде әкімдердің сайлауы өтеді. Аталған 60 ауыл округі әкімдігіне үміткерлердің 48-і «Nur Otan» партиясы атынан ұсынылды. Жетекші партия атынан түсетін азаматтар өз сайлауалды бағдарламаларын әзірлеп, елмен жүздесуді, үгіт-насихат жұмысын бастап кетті. Бұл қадам да партияны қайта жаңғыртудағы ілкімді істердің бірі.

Былтыр праймеризді жоғары деңгейде өткізген жетекші партия биыл әкімдер сайлауына да нақты жоспармен, дайындықпен қатысуда. 2021 жылдың алғашқы жартысын қортындылайтын болсақ, «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасын әзірледі. Жол картасы бойынша нақты жұмыстар жүріп жатыр.