Home Басты жаңалықтар Түркістан: Тұрғын үй ауласынан көне жәдігер табылды

Түркістан: Тұрғын үй ауласынан көне жәдігер табылды

Өзіндік тарихын ішіне бүгіп, белгілі бір тұлғаның өмірінен хабар беретін құлпытас сан ғасырлар бойы жер астында сақталып келген.

Осыған орай, Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қызметкерлері Ясауи ізімен ғылыми-танымдық экспедициясы аясында Абай ауылына барып, тарихи орынмен танысты.

Сыры мен жұмбағы мол құлпытас 2018 жылы Абай ауылының тұрғыны Досжан Қыдырәлиевтің ауласынан табылған. Аталған жайттан үй иелері хабардар болған соң бірден көне жазуларды оқитын арнайы мамандарға хабар берген. Араб, парсы, көне шағатай тілдерінің білгірі, Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің мүшесі, белгілі дінтанушы Зәріпбай Оразбайұлы сынды ғалымдар бастаған топ құлпытас бетіндегі мәтінге тілдік зерттеу жүргізіп, араб әріптерімен куфи үлгісінде: «Бұл қабір Мұхаммед Нұран Баб» деген жазу барын анықтаған.

Құлпытастар әдетте зират басына қойылатыны белгілі. Осыған орай, Халықаралық Түркі академиясының археолог ғалымдары Нәпіл Базылхан және Нұрболат Бөгенбаевтың жетекшілігімен археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген. Ғалымдар ескерткішті осы аймақтың байырғы атауына байланысты «Әлдибастау әулиесі» деп атаған.

Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде осы жерден ұзындығы – 4 м, ені – 1,65 м, қабырғасының биіктігі – шамамен 2 метрге жуық құрылыс болғаны белгілі болады. Ескерткіштің қабырғаларын жақын маңдағы Көкбұлақ өзенінің жұмыр тастарымен қиюын келістіріп, арасын саз балшықпен бекітіп қалаған.