Home Басты жаңалықтар Түркістан: Су тапшылығын жою мақсатында 6 жоба қолға алынды

Түркістан: Су тапшылығын жою мақсатында 6 жоба қолға алынды

Түркістан өңіріндегі 267 млн.м3 ағын су тапшылығы 6 жоба арқылы шешіледі. Облысты ағын сумен қамтамасыз ету мәселесі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалық етуімен өткен отырыста талқыланды. Осы мақсатта облыс аумағында ауқымды жұмыстар жасалуда. Өңірде іске асырылып жатқан ірі су нысандарының құрылысы толық аяқталғанда ағын су тапшылығы толығымен жойылмақ. Үкімет қаулысымен облыстағы 5 су нысаны, атап айтқанда «Бөген» су қоймасы, «Қосқорған» су қоймасы, «Түркістан» магистралды каналы, «Арыс» магистралды каналы және «Қараспан» магистралды каналы және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі бұйрығымен «Қараспан» су торабы республикалық меншіктен облыстық меншікке қабылданды.Оларды күтіп ұстау мақсатында Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасына қарасты «Бөген арнасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Мекемеде жаңадан 200-ге жуық штаттық бірлік жұмыс орны ашылып, 30-дан астам арнайы техникамен қамтамасыз етілді. Нәтижесінде Түркістан өңіріндегі су нысандарын бір қолдан басқару жүзеге асырылып, вегетациялық кезеңде ағын су тапшылығының алдын алуға негіз болды.«Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары» аясында аграрлық салаға, оның ішінде Түркістан қаласы аумағында ағын су тапшылығын жою мақсатында ірі су нысандары құрылысын жүргізуге басымдылық берілді.