Home Басты жаңалықтар Түркістан қаласына келушілердің саны 200 мыңнан асты

Түркістан қаласына келушілердің саны 200 мыңнан асты

 «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Түркістанның стратегиялық маңызы бар қала екеніне тоқталып, жаңа төрғаның алдында ауқымды міндеттер тұрғанын атап өтті. Облыс орталығы болғандықтан Түркістан филиалына үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғанына да тоқталды. Қала әкімі, қалалық филиал төрағасы Н.Тұрашбеков ел сенімін ақтау жолында аянып қалмайтынын айтты.

Конференцияда «Nur Otan» партиясының Түркістан қаласы бойынша «Өзгерістер жолы»: Әр азаматқа – лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын орындау жөнінде Жол картасының орындалу барысы да сөз болды. Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мұрат Базарқұловтың айтуынша, Түркістан қаласының Жол картасында 126 іс-шара жоспарланған, оның ішінде 15-і (11,9%) орындалған, 90-ы (71,5%) орындалу үстінде, 21-інің (16,6%) орындалу мерзімі бар. 2021 жылдың І жартыжылдығында Түркістан қаласында келушілердің саны 209,3 мың адамды құрады. Қонақ үйлер ашылып, халықаралық әуе рейстері саны артқан. Қала айналасында 4 355 га жерде азық-түлік белдеуін құру жоспарланып, жыл басынан 1567 га игерілді. «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 300 кәсіпкерге қолдау көрсету жоспарланып, 4 айда 55,3 млн.теңгеге 108 кәсіпкерге субсидия берілген. Осы және өзге де деректерге тоқталған баяндамашы жетекші партияның сайлауалды бағдарламасын орындау басты назарда екенін жеткізді.

Сонымен қатар, күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша «Nur Otan» партиясы Түркістан қалалық филиалы Саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізілді.