Кентау қаласының Ынтымақ алаңында Түркістан Оқушылар сарайының таныстырылымы өтті. Аталмыш шара Оқушылар сарайының филиалы Кентауда ашылуына орай арнайы ұйымдастырылып отыр. Қала тұрғындары мен қонақтары алдымен Қолөнер көрмесін тамашалады. Онда Оқушылар сарайындағы «Қолөнер», «Ағаш өнері», «Зергерлік өнер», «Мүсін және керамика» секілді үйірмелердегі оқушылардың туындылары қойылды.
Келуші қонақтар жас бүлдіршіндердің бұйымдарына қызығушылықпен қарап, жоғары бағасын берді. Сондай-ақ, арнайы ұйымдастырылған концерттік бағдарламаны тамашалады. Концертте де Түркістан Оқушылар сарайындағы «Вокал», «Домбыра», «Гитара», «Дәстүрлі ән», «Заманауи би», «Халық биі» секілді үйірмелердің таланттары өнер көрсетті. Олар халық және әлемдік классикадан әндер орындап, мың бұралған билерімен келушілерді таңғалдырды. «Бүгін өнер көрсетіп жатқан өрендердің барлығы біздің үйірмелерге қатысушы өрендер. Қазіргі таңда бізде 60-қа жуық үйірме түрлері бар. Бала өзінің қабілеті мен қарымына байланысты кез келген үйірмеге қатыса алады. Түркістанда орналасқан Оқушылар сарайындағы барлық үйірмелер мен мүмкіндіктер Кентау қаласында да болады. Бұл кешті біз осы қаламен жақынырақ танысу үшін ұйымдастырдық», – деді Индира Сарқытқызы, Оқушылар Сарайының директоры.
Айта кетейік, Кентауда Оқушылар сарайы өз жұмысын бастады. Бүгінгі таңда балаларды үйірмеге жазу жұмыстары жүргізілуде.