Home Басты жаңалықтар Түркістан: “ЭКОБАЗАР” ашылды

Түркістан: “ЭКОБАЗАР” ашылды

Көлемі 14 гектар жерге орналасқан  базарда 3 мыңға жуық сауда орыны ашылады. Атап айтқанда: 900 орын-азық-түлікке, 1500 орын – киім-кешекке, 500 орын – тұрмыстық тұтыну тауарларына арнайы жабдықталып,  жиһаздарға 1000 шаршы метр орын дайындалды. Жалпы жаңа нысанның құрылыс алаңы 5 гектарға  жуық.

Заманауи экобазарда диқандар өз өнімінін бір қолдан, делдалдарсыз, тікелей сату мүмкіндігіне ие. Ол үшін қажетті жағдай толықтай жасалып, жазда салқын, қыста жылы температуралық режим қамтамасыз етіледі.

Экобазардың құрылысы барлық санитарлық нормаларға сәйкес, төбесі жабық, жеңіл автокөліктер мен жүк автокөліктерінің еркін кіріп-шығуына арналған кең жолдар ашылып, әрқайсысына бөлек автотұрақтар ұйымдастырылуда.  

Ең бастысы, экобазар барлық азық-түлік тауарлары көтерме бағамен сатылатын ең ірі сауда орнына айналады. Бұл диқандар үшін тауарын жылдам өткізуге, азық-түліктің сапасын сақтауға, тасымалдаумен байланысты шығынды азайтуға өте қолайлы болмақ. Осыған орай, базарда сауда орындарынан бөлек, тоңазытқыш орнатылған 200 қойма орыны күзде жинаған өнімді келесі маусымға дейін халыққа арзан бағамен сатуға мүмкіндік береді.

Базарда халыққа тиімді бағада азық-түлік ұсынуды қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне облыс әкімдігі мен «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен 2-3 пайыздық жеңілдетілген несие беру ұйымдастырылуда.