Home Басты жаңалықтар Түркістан: «Jas Leader Akademiiasy» бағдарламасы басталды

Түркістан: «Jas Leader Akademiiasy» бағдарламасы басталды

Көпшілік алдында сөйлеу, уақытты жоспарлау, басқару, өзін-өзі таныстыру және өзіне деген сенімділікті дамыту дағдыларын үйрететін «Jas Leader Akademiiasy» бағдарламасы Түркістан қаласында бастау алды. Алдағы бес жылда Жамбыл, Қызылорда, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Алматы облыстары қамтылмақ.

Бағдарламаның басты мақсаты – қазақ мектептерінің 5-11 сынып оқушылары арасында көшбасшылық қабілеттерді қолдау және дамыту. Сондай ақ, бағдарлама аясында ай сайынғы кездесулер, шеберлік сыныптар, факультатив сабақтар, танымал тұлғалардың қатысуымен көшбасшылық тренингтер және үздік оқушылар марапатталатын жыл сайынғы конференциялар өтеді.

«Болат Өтемұратов қоры мен Түркістан облысы әкімдігі арасында меморандум түзілген. Бұл жоба соның аясында жүзеге асып отыр. Ерекше жоба 5 жылға жалғасады. Яғни, қазір оқытылған 100 мұғалім бір жылдың көлемінде үйренген әдіс-тәсілдерін мектептерінде өтетін факультатив сабақтарында пайдаланып, өздерінің есептерін беретін болады. Жоба мамандары тренингке қатысқан мұғалімдердің мектептеріне барып, сынып жағдайында бағалау жұмыстарын жүргізеді. Ал, жыл соңында жиын өткізіліп, дәрес алған ұстаздардың үздіктерін марапаттап, жаттықтырушы атанады. Осылайша 5 жылда жаттықтырушылардың сандарын арттыруды көздеп отырмыз», – деді Түркістан облысы Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рахымбек Жолаев.

Бағдарламаның жалпы бюджеті 5 млн. АҚШ долларын құрайды. Алдағы бір ай ішінде Түркістан мен Түркістан облысының және Шымкент қаласының 50 пилоттық мектебінен 100 мұғалім арнайы тренингке қатысып, 15 000-нан астам бала оқуды бастайды деп жоспарлануда.
«Бағдарламада ұстаз рөлі ерекше көрсетілген. Біздің бағдарламада жаттықтырушы қатысушыларға басымдық бермейді, олармен бір деңгейде орналасады. Ол «жоғары тұрған – төмен тұрған» позициядан емес, «теңге тең» позициясы бойынша әрекет етіп, оларға материал алуға, білім мен тәжірибе жинауға көмектеседі», – дейді Болат Өтемұратов Қорының директоры Марат Айтмағамбетов.