Home Басты жаңалықтар Түркістан: Елімізде теңдесі жоқ су кешені салынуда

Түркістан: Елімізде теңдесі жоқ су кешені салынуда

Елімізде теңдесі жоқ су кешенінің құрылысы қарқынды. Қазіргі таңда 2 млн. м3 су жинайтын канал қазылып, бетондалған. Құрылыспен бірге кешеннің айналасын абаттандыру жұмыстары да қатар жүріп жатыр. Жауапты сала басшыларымен кездескен облыс әкімі жұмыстың сапасына баса назар аударуды тапсырды.

«Түркістанда салынып жатқан жаңа үлгідегі спорт кешендерінде кез-келген спорт түрімен айналысуға жағдай жасалады. Спорт – адам өмірінің ажырамас бөлігі болуы керек. Спортпен айналысатын адамның бойында табандылық қасиет қалыптасады. Рухы биік, жігері асқақ болады»,-деді Өмірзақ Шөкеев.

Облыс орталығында салынып жатқан елімізде теңдесі жоқ спорт кешенінің құрылысы халықаралық талаптарға сай жүргізілуде. Жалпы ауданы 100 гектарға жуық алаңда орналасқан су спорты кешенінде ұзындығы 2,5 шақырымға созылатын су арнасы болады. Келер жылы ашылатын әмбебап оқу жаттығу базасында жоғары деңгейдегі жарыстар өткізілмек. Халықаралық дәрежедегі ескек есу жəне байдарка спорты бойынша олимпиадалық стандартқа сай орталықта қонақүйлер, бассейн, эллинг, каноэге арналған пирстер, көрермендерге арналған жай, көпірлер салынады. Спорт кешенінде сапбординг, су шаңғысы, флайбординг, вейксерфинг, канополо, драгонбот және жағажай ойындар футболы, волейбол, гандбол, регби секілді су және жағажай спортының танымал түрлерінен сайыстар өтеді.