Ағымдағы жылы Мақтарал, Жетісай аудандарында 135,2 мың га суармалы жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның 77,5 гектарына мақта дақылы егіліп ағын су берілуде. Бір күнде 2 мың га жуық мақта дақылы суарылса, барлығы 17 мың га жер суарылды. Бүгінгі таңда Мақтаарал ауданының шаруалары 30 пайыз, ал Жетісай ауданының шаруалары 10 пайыз суармалы жерлерін суғарған.
Алайда, ағымдағы жылдың 1 тамызынан бастап Өзбекістан Республикасынан мемлекетаралық Достық магистралды каналынан келетін ағын су көлемі азайатындығы күтілуде. Осыған орай, Жетісай, Мақтарал аудандарының шаруалары келіп жатқан ағын суды тиімді пайдаланып, суғару жұмыстарын қарқынды жүргізуі қажет. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Мақтаарал, Жетісай аудандарына жасаған жұмыс сапарында шаруалармен кездесуінде айтты.
“Ең бастысы – ауызбіршілігіміз. Ауданда ауызбіршілік болса, бір-бірімізді қолдасақ, ақсақалдар бар, белсенділер бар, депутаттар бар, әкімдер бар. Жұмылып, еңбек етпесе, ешқандай тірлік бітпейді. Біріксе, су да болады, мақта да болады, күріште де болады, бәрі де болады”,-деді облыс әкімі кездесу кезінде.