Түркістан-Шымкент бағыты бойында орналасқан «Жібек жолы» саябағы ресми түрде іске қосылды. Ақмола, Алматы және Қарағанды облыстарының Түркістан қаласына тартуы болып саналатын демалыс саябағының жалпы жер көлемі 30 гектарды құрайды. 2019 жылы құрылысы басталған нысанда субұрқақтар, жасанды тоған, жасыл бұта, ағаштар мен газон егіліп, орындықтар қойылған.
Сондай-ақ, спортпен шұғылдану үшін аяқжол мен веложолдар да салынған. Демалыс орнын көрікті етумен қатар, салқын ауа сыйлау мақсатында орнатылған субұрқақтар түнде де саябақтың келбетін ерекшелеп тұрады.Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков шаһар дамуында ағалық танытып, қолғабыс етіп, ақ баталарын беріп жүрген ақсақал-ардагерлермен қаладағы жаңа нысандарды таныстыру кезінде саябақ қызметін де көрсете өтті. Қариялар шаһардың оң өзгерістері мен тұрғындар жайлылығы үшін атқарылып жатқан істеріне рақметін айтып, Нұрбол Әбдісаттарұлының алдағы қызметіне алғыс білдірді.
Айта кетейік, мұндағы ойын алаңдары күнделікті ақылы түрде қызмет ететін болады. Аттракциондар жайлы толық ақпарат: @jibekjoly_park парақшасында.