Home Басты жаңалықтар Түркістан: Ауыз су мәселесі толық шешілді ме?

Түркістан: Ауыз су мәселесі толық шешілді ме?

Шардара су қоймасы толық жөндеуден өткеннен кейін 7 балдық жер сілкінісіне шыдас беретін сейсмикалық төзімділікке ие болады. Қойма бөгетінің сейсмотұрақтылығын қайта жаңғырту және арттыру құрылысымен танысуға келген еліміздің экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешов пен Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеевті жергілікті тұрғындар сұрақтың астына алды. Мақтаарал, Жетісай және Шардара аудандарының тұрғындары оңтүстік аудандардағы ағын суға қатысты маңызды мәселелерді Үкіметке жеткізуді талап етті. Сырдария өзені тартылып, Шардара су қоймасының толмай қалуынан биыл жаз айларында судың сапасы нашарлап, залалсыздандыру жұмыстары күрделенді. Шардаралықтар тіршілік нәрінен тарықты. Бұған жауын-шашынның аз түсуі мен қуаңшылық, одан қалды көршілес елдерден келетін судың кемуі себеп. Ал Шардара су қоймасындағы суды сүзгіден өткізіп, тазалайтын станцияның жұмысы тікелей судың деңгейіне байланысты. Теңізде су тартылса, жұмыс та тоқтайды. 80-жылдары қолданысқа берілген қаланың бас су таратушы станциясы әбден ескіріп, тозығы жеткен. Пайдаланымдағы қондырғылары өндірістен алынып тасталған, ешқандай зауытта жасалмайды.Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев мәселені түбегейлі шешу үшін қаладан 34 шақырым қашықтықта, құмның ішінде орналасқан су қоры жеткілікті «Тастанбек» жер асты суын жеткізу қолға алынғанын жеткізді. Су сапасы сынақтан өтті. Ендігі кезекте республикалық бюджеттен қаржыландыру қажет. Жобаны келер жылы толық жүзеге асыру көзделген.