Home Басты жаңалықтар Түркістан аренасында кезекті матч өтті

Түркістан аренасында кезекті матч өтті

Футболдан Қазақстан чемпионатының 21-тур ойындары өтті. “Түркістан-аренада” кезекті футбол бәсекесі ұйымдастырылды. Бұл кездесудің мәні бөлек. Себебі Түркістанның “Тұраны” өз алаңында Шымкенттің “Ордабасы” клубын қабылдады. Аса тартысты өткен кездесудің 35-минутында “Тұран” алға шықты. 11 метрлік айып соққысынан Живкович есеп ашты. Екінші таймда түркістандықтардың есепті еселейтін мүмкіндігі болған. Бірақ Живкович 11 метрлік айып соққысынан мүлт кетті. Шымкенттіктердің қақпашысы Шайзаданың бірнеше рет қақпасын голдан сақтап қалғанын айта кеткен жөн. “Ордабасы” да дүркін-дүркін шабуылдады. Алаңға тыңнан ойыншылар қосты. Солардың бірі Рахимов 94-минутта есепті теңестірді. Осылайша, ұпай санын 20-ға жеткізген “Тұран” қауіпті аймақтан сәл ұзады. Айта кетерлігі, осы күні “Тұранның” арнайы дүкені ашылды. Ол жерден клубтың жейдесі мен қалпағын және өзге де атрибуттарын алуға болады.