Home Басты жаңалықтар Түркістан: 300 – ден астам кәсіпкерге қолдау көрсетілуде

Түркістан: 300 – ден астам кәсіпкерге қолдау көрсетілуде

Түркістан облысында 141 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істеп тұр.  «Nur Otan» партиясы сайлауалды бағдарламасында Түркістан облысы бойынша «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында жыл сайын 300-ден астам кәсіпкерге қолдау көрсету жоспарын енгізген болатын.

 Бұл жұмыс қалай жүріп жатыр? Бүгін «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Экономиканы дамыту және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі өңірлік қоғамдық кеңестің отырысында осы мәселе талқыланды. Отырысқа Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, партия филиалы жанындағы Экономиканы дамыту және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі өңірлік қоғамдық кеңестің төрағасы Бақытжан Серманизов төрағалық етіп, жүргізіп отырды. «Биыл 16 сәуірде «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы Саяси кеңесінің бюро отырысында аймақтық кеңестердің құрамы бекітілді. Соның бірі – Экономиканы дамыту және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі өңірлік кеңес. Алдымызда үлкен міндеттер тұр», – деген кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы жұмыстар қоғам бақылауында екенін жеткізді.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Түркістан облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұрбақыт Иманқұлов баяндама жасады. Оның айтуынша, Түркістан облысында кәсіпкерлікті жүргізу үшін қолайлы бизнес климат қалыптасқан. Аймақта 141 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істеп тұр. «Бизнесті жүргізу жеңілдігі» рейтингі бойынша Түркістан облысы өткен жылдың қорытындысымен үздік өңір болып танылған.