Home Басты жаңалықтар ТОКИО: Түркістандық боксшы жеңіспен бастады

ТОКИО: Түркістандық боксшы жеңіспен бастады

Токио қаласында өтіп жатқан олимпиада ойындарында түркістандық боксшы Сәкен Бибосынов алғашқы жеңісіне қол жеткізді. 52 келіде сынға түскен Сәкен бірінші айналымда Пуэрто-Рико өкілі Янкьель Ривера Фигероамен кездескен болатын. Тартысты жекпе-жекте қазақстандық боксшы 4:1 есебімен қарсыласын тізе бүктірді.

Естеріңізге салайық, Токиода өтіп жатқан 4 жылдықтың басты бәсекесіне Түркістан облысынан 5 спортшы аттанды. Солардың бірі – боксшы Сәкен Бибосынов. Сайрамдық саңлақ төрткүл дүние көз тіккен әлемдік бәсекеде алғашқы жекпе-жегін жеңіспен аяқтады. Бүгінде боксшының анасы мен алғашқы бапкері оған тілеулес болып отыр.

Сәкен Бибосынов – 1997 жылы Өзбекстан Республикасының Бостандық ауданында дүниеге келген. Бала кезінен боксқа бүйрегі бұрып тұратын ол – 13 жасында спорттық мансабын Қазақстанда жалғастыру үшін елге оралған. Алдымен Қызылорда қаласындағы мектеп-интернатқа қабылданып, кейін Сайрам ауданындағы «Жекпе-жек спорт клубына» ауысады. Осы жерде ол білікті бапкер – Қадырбек Қуатбековтың көзіне түсіп, қоластында жаттығады.