Home Басты жаңалықтар Оқу марафоны басталды

Оқу марафоны басталды

Бүгін Кентау қалалық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен Республикалық «Бір ел-бір кітап» акциясы аясында таңдалған қазақтың біртуар ақыны алаш зиялысы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «Ұлтын ұлықтаған ұлы тұлға» атты оқу марафоны басталды.

Шараның мақсаты: Ахмет Байтұрсынұлының өмірбаяны, шығармашылығы, кітаптары, ғылыми еңбектері туралы мағлұмат бере отырып, қала жастарына ұлы тұлғаның шығармашылығын кеңінен білуіне ықпал жасау және қазақ әдебиетіндегі ұлы тұлғаларды дәріптеу. Марафонды Кентау қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Кокулова Гүлнар Исабекқызы ашып берді. Орталық кітапхананың кітапханашысы Ж.Куандыкова «Тұғыры биік қаламгер» атты тақырыппен Ахмет Байтұрсынұлының өмірбаянымен таныстырып өтті. Ары қарай «Бір ел-бір кітап» акциясы аясында таңдалған ақын-жазушыларды бірге оқимыз тақырыбымен Кентау қалалық орталық кітапхананың библиографы Н. Дауенова, «Ахмет Байтұрсынұлының саяси қызметі» тақырыбымен Т.Рысқұлов атындағы № 24 жалпы орта мектебінің оқушысы З. Балтабаева баяндама жасап, Республикалық, халықаралық байқаулардың, конференциялардың бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері, ардагер –ұстаз, қаламыздың құрметті азаматы Жүсіпов Өмірбек ата «Ұлт ұстазы-Ахмет Байтұрсыновтың 18 қыры: ақындығы, композиторлығы (сазгерлігі)» жайында ой бөлісті. Кеш барысында «Ғасыр саңлағы – Ахмет Байтұрсынұлы» атты бейнеролик көрсетілді. Кеш соңында Кентау қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің әдіскері Д. Абдулхамидова «Бір ел-бір кітап» акциясы аясында таңдалған ақын-жазушыларды бірге оқимыз» атты кітап көрмесіне шолу жасады. 2022 жыл Алаштың көрнекті қайраткері, ағартушы-ғалым, ұлт ұстазы, әліппенің атасы, қоғам кайраткері, ақын, әдебиеттанушы, лингвист, аудармашы, публицист Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған оқу марафонының бірінші эстафетасы Кентау көпсалалы колледжінің жастарына табысталды. Оқу марафонының ұйымдастыру алқасы қаладағы оқу орындарының барлығына да эстафетаны табыстауды жоспарлап отыр. Оқу марафоны жыл соңына дейін жалғасын табады.