Home Басты жаңалықтар ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ КӨЗІ –РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДА

ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ КӨЗІ –РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДА

2022 жылғы ақпан айының 25-28 жұлдызы Кентау қаласы әкімдігінің «Кентау қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ тіл үйренушілерімен «Ұлттық тәрбие көзі –рухани жаңғыруда» атты семинар ұйымдастырылды. Семинарға Қарнақ ауылы «Ақын-Тұма» және «Қарнақ» жалпы орта мектеп қызметкерлері белсенді қатысты. Мақсаты: мектеп ұстаздарымен бірлесе отырып, ұлттық тәрбиенің маңыздылығын насихаттау. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы идеясын ілгерілету, өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді кеңінен насихаттау және тілге құрметін арттыру, латын әліпбиін насихаттау және өзгерістермен таныстыру, түсіндіру».

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»атты мақаласында көрсеткендей ұлттық сананы жаңғырту арқылы жеке тұлғаны қалыптастыру мәңгілік мәселе болып отыр.

«Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек.» – делінген Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2017 жылдың 12 сәуіріндегі  «Болашаққа бағдар: рухани  жаңғыру» атты мақаласында.

Сонымен бірге, рухани жаңғырудың құдіретін былай сипаттайды: «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай. Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі плюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды.»

Бүгінгі таңда ұрпақ тәрбиесіндегі басты мәселе – ұлтымыздың болашақ азаматтарын рухы биік, адамгершілігі мол, саналы тұлға ретінде қалыптастыру. Заманауи тәрбие жүйесі қысыммен болмайды, баланың өзі қатыспайынша, өз мүмкіндіктері мен табиғи дарынын біліп, өз алдына мақсат-міндеттер қойып, өзі әрекет етпейінше нәтиже шығару мүмкін емес. Сондықтан да тұлғаның өзіндік әрекеті мен оның өзін-өзі тәрбиелеуі – тәрбие жұмыстарының маңызды аспектілерінің бірі болып табылады. Бұл мәселелерді шешу, ең алдымен, отбасына, балабақша тәрбиешілеріне, мектеп мұғалімдеріне, қоғамға жүктеліп отыр.

Білімді жаңартудың мәдени-әлеуметтік маңыздылығы жалпыадамзаттық құндылықтарға басымдылық берілетін бірегей әлемдік қауымдастық құру болып табылады. Өз ойына, сөзіне, іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарайтын, табысты еңбек етуге дайын үйлесімді адамды тәрбиелеу аса маңызды.

Бүгінгі жас ұрпақ – Қазақстанның болашағы десек, яғни,  ұлтымыздың тектілігін, дарындылығын, кеңпейілділігін ары қарай дамыта отырып, қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары арқылы сол құндылықтарды құрметтеуге, дінін, ділін берік ұстануға тәрбиелеуде және халқымыздың асыл қазыналарын сақтауға, қорғауға үйретуді біз тек сәби кезінде және мектеп кезінде ғана оқытып қоймай, ары қарай жетілдіру негізгі міндетіміз.

Осы орайда рухани-адамгершілік білім негізінде жеке тұлғаны қалыптастырудағы әлеуметтік институттардың рөлі маңызды.

Қоғам жаңарған сайын адам да жаңара түседі, оның мінез-құлқы да жаңарып отырады. Ол заңды да. Білім берумен қатар, қоғамға адал, арлы, мәдениеті мол адам тәрбиелеу оқу орындарының міндеті. Ұлттық тәрбиелік білім беру ғасырлар бойы жалғасқан мол халықтық мұра. Оның басты түйіні халық ауыз әдебиетінің түрлері мен аңыз-әңгімелерінде, ертегілерінде, батырлық жырларда, ғибраты мол би-шешендердің нақыл сөздері мен тәрбиелік ой-пікірлерінде жатыр. Шынайы білім ең алдымен ұлттың игілігіне, одан әрі адамзаттың, жеке тұлғаның игілігіне бағытталуы тиіс. Ұлттық білімнің өзектілігі де осында. Адамның бойындағы қандай да қасиеттер ол адамгершілік, білім, парасаттылық, инабаттылық, кісілік мінез, еңбек дағдысы үлгі-өнегені үйрену арқылы қалыптасады.

Тәрбиеге халық тәжірибелері әдебиет, өнер, кино, радио, теледидар, табиғат мүмкіндіктері пайдаланылады. Қазақ отбасында ұлттық тәрбие ана құрсағынан басталып, адамды өмір бойы және оны о дүниеге шығарып салумен аяқталатын әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер негізінде жүргізіліп, іс-әрекеттер мен қарым-қатынастар арқылы жүзеге асады.

Жеке тұлға қалыптастыруда ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу маңызды. Ұлтжандылық дегеніміз – адамның өзінің араласқан белгілі бір саяси, мәдени және әлеуметтік ортасына – Отанына деген аса терең сезімі. Ұлтжандылыққа тәрбиелей отырып, жастардың азаматтық санасын қалыптастыруға, оқушылардың саяси білімдерін жетілдіруге, өз азаматтық құқықтары мен міндеттерін, туған жердің, өскен елдің табиғатын аялай білу сезімін тәрбиелейміз.

Ұлттық тәрбие алған ұрпақтың дені сау, ақылды, білімді, ұлтжанды, еңбекқор, кішіпейіл болып өседі. Халықтың өмірін, рухын және тілдерінен тұратын ішкі заңдары, оның ұлттық мінезін, болмысын таныту бүгінгі таңда жастарымыздың тәрбиесіне берер пайдасы мол. Халқымыздың сан ғасырлардан келе жатқан ұлттық мұрасын оқу-тәрбие ісімен сабақтастыра отырып тәрбиелеу, ұмыт қалған салт-дәстүр, ұлттық ерекшелігімізді насихаттап, олардың бойына ұлттық психологияны қалыптастыру – әрбір ұстаздың міндеті.

Отбасынан алған тәрбие балабақшадағы тәрбиемен, одан мектеп тәрбиесімен жалғасын табады. Мектеп тәрбиесінде ұлттық тәрбиеге, мемлекеттік тіл мен қоғамдық ой-мақсаттарға ерекше көңіл бөлінеді. Қалай тәрбие берсең бала соған қарай бейімделіп, сол арнаға түсіп жүре береді. Оны көп ерік-жігердің, қажыр-қайраттың арқасында түзеуге тура келеді. Бұл жөнінде қазақ халқының ұлттық тәрбиесі ешбір руға, ұлтқа бөлмей, жалпы адами тәрбиенің негізгі мақсаты тұрғысынан жас ұрпақты атаның ұлы ғана болмай, адамзаттың ұлы болуға тәрбиелеуді меңзейді. Адам болған соң, оның адамгершілігі болу қажет.

Қазақтың тәрбие үлгісіннің сыры неде? Қазақ ұл мен қыз тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, «Қызға қырық үйден тыйым» деп, бала тәрбиесіне бір отбасы емес, барлық ауыл болып көңіл бөлген. Халық даналығы: Балаңды 5 жасқа дейін патшаңдай еркелет, 5 жастан 15 жасқа дейін құлыңдай жұмса, ал, 15 жастан бастап құрдасыңдай сырлас деген екен.

Міне, сол бабаларымыздың ұлттық тәрбиесін отбасы тәрбиесі мен білім ошақтарында жалғасын тауып оқыта білсек, жастарымыздың ертеңіне деген сенім дұрыс жолда болары анық.

Отбасындағы бала тәрбиесі бүгінгі таңда ғылым мен технологияның даму әсерінен өзгеріске ұшырап бара жатқаны белгілі. Бала ата-ана тәрбиесінен гөрі көбіне көп теледидар мен интернет тәрбиесін алып жатыр.  Ендеше біз болашақ ұрпағымызды тәрбиелерде қандай бағыт ұстауымыз қажет деген сұрақ туындайды. Дана Абайды тәрбиелеген Зере әже тәрбиесі, Шоқанға әсер еткен Айғаным тәрбиесін жаңғыртуымыз керек. Яғни, біз балаға ертегі айта отырып, жаттау жаттатқызып, білім мен тәрбиені егіз ұғымда қатар жолға қояр болсақ, отбасындағы ұрпақ тәрбиесі дұрыс жолға барары анық.

«Бауыржан Момышұлы: «Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын, екіншіден немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанына қорқамын, үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын бабалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені, бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бала ма деп қорқамын. Ал, көрдің қолына балта берсең, шаба салады, найза берсең, сұға салады, намыстанбай бұға салады. Мен табиғатынан, тағдырынан болған соқырлықтан жазылмасаң, халық болудан қаламыз ба деп қорқам», – деп өзінің ұлттық тәлім-тәрбиенің қалып бара жатқанына орай, қынжыла қорқынышын білдіреді.

Бала тәрбиесінің бастауы отбасындағы ұлттық қадір-қасиетпен негізделері анық. Ата-бабамыздың бала тәрбиесіне аса мән беріп, дүниеге келген нәрестені бесік жырымен бөлеп, ертегімен сусындата тәрбиелеуінде үлкен мән жатыр. Осындай тәрбие нәрімен сусындап өскен бала ойы жетік, тіл байлығы қалыптасқан, саналы, өз ұлтының нақыштарын жете түсінетін ұрпақ болары сөзсіз.

Ұлы Абай атамыз қазақ отбасындағы кездесетін баланы жасынан алдап түбінде өтірікшілікке, сұм болуға баулып үйрету сынды тәрбиеге қайшы келетін тұстарды сынға алады. Ондай кемшіліктерді ол өз қара сөздерінде былай жеткізеді.

«Әуелі балаңды өзің алдайсың, «ананы берем, мынаны берем» деп бастап, балаңды алдағаныңа бір мәз боласың. Соңыра балаң алдаушы болса, кімнен көресің? «Боқта» деп біреуді боқтатып, «кәпір қияңқы, осыған тимеңдерші» деп, масаттандырып тентектікке үйретіп қойып, сабаққа бергенде молданың ең арзанын іздеп, «хат таныса болды» деп, «қу, сұм бол» деп тірі жанға сендірмей, жат мінез қыласың. Осы ма берген тәлімің? Осы баладан қайыр күтесің бе?», – дейді.

Өкінішке орай, бұндай жағдайлар көптеген отбасыларында кездесіп жатады. Баланың сана-сезімі, ақыл-ойы осы нәресте кезінен қалыптасатынына мән бермейміз. Ал, біздің ата-бабамыздың ұлттық тәрбиесі осындай бала тәрбиесін жете ойлап, жан-жақты қарастырады. Халықтық шығармалардың балалар мен жасөспірімдерге тигізетін тәрбиелік әсері ұшан теңіз. Халықтық шығармалар адам баласының өткен ғасырлардағы тарихи өмірін, тұрмысын, әдет-салтын, күн көрісін, шаруашылық экономикасы мен мәдениетін таныстырып, тәлім-тәрбие береді.

Салт-дәстүр дегеніміз – халықтардың кәсібіне, сенім-нанымына, тіршілігіне байланысты қалыптасқан ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отыратын қоғамдық құбылыс. Ол ұлттың ұлт болып қалыптасуымен бірге туып, бірге дамып келе жатқан тарихи және көне үрдіс. Адамның бүкіл өмірі мен іс-әрекеттері салт-дәстүрлерден өзекті орын алып, адамның дүниетану көзқарасын қалыптастыратын тәрбие мектебі болып табылады.

Қазақ Кеңес энциклопедиясында салт ұғымына төмендегідей анықтама берілген: «Салт – халықтар кәсібіне, сеніміне, тіршілігіне байланысты қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отыратын әдет-ғұрып, дәстүр. Дәстүр – ұрпақтан-ұрпаққа ауысатын, тарихи қалыптасқан нормалар мен үрдістер. Ол – қоғамдық ұйымдар мен халықтың мінез-құлқының, іс-әрекетінің рухани негізі. Ата-ананы құрметтеу, үлкенді сыйлау, адалдық, әділеттілік, мейірімділік сезімдері озық дәстүрлерге жатады. Дағды, әдет-ғұрып деген ұғымдар адамның мінезі мен тіршілігіне байланысты қанға сіңген қылықтарды білдіреді»– деп түсінік берілген.

Сондықтан тіл мен дінді, ділді, дәстүрді қатар алып жүргенде ғана біз нағыз ұлттық болмысымызбен әлемдік төрге шыға аламыз. Елімізді кемелдендіріп, рухани жағынан өсуіне ықпал етуге және дамыған елдің бірі болуға мүмкіндігіміз болады.

Салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды оқытуды үшке бөліп қарастырған дұрыс: бала тәрбиесінде, тұрмыста, әлеуметтік-мәдени өмірде. Балаға арналып жасалынатын әрбір тойдың да ата-бабамыздан қалған игі істермен байланыстыратыны тәрбиемен тығыз байланысты. Мысалы: ең бірінші кішкене сәби күнінен бастасақ, бала шыр етіп дүниеге есігін ашқанда шілдехана тойын жасау, бесікке салу рәсімдері, тұсауын кесу, сүндетке отырғызу, сырға тағу, көрімдік сұрау. Үйленіп үй болу, келін түсіру, қыз ұзату, сыңсу айту, жар-жар айту т.б. Одан кейін адамның мына жалған пәниден қош айтысуы. Оның да өзіндік салт-дәстүрлері бар: хабар айту, қонақасын беру, дауыс салу, жоқтау айту, жер қойнына беру, асын беру т.с.с. Мұның бәрінің астарында мән жатыр, бәрінің өзіндік жөн-жосықтары бар. Бірақ, мұның біразы қазір қолданыстан шығып қалған. Оны сонда да өскелең жас ұрпаққа түсіндіріп, әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, түсінік берген дұрыс. Өйткені, ол тарихтың бір беті, оны білмей оның мән-мағынасына бару қиын. Ол үшін балабақшада, мектепте болсын сабақтарға кірістіріп, ұлттық салт-дәстүрлер жайлы ашық сабақтар, тәрбие жұмыстарын жүргізіп отыру керек. Десек те, тұрмыста қолданылатын салт-дәстүр, әдет-ғұрыптар белгілі бір нәрсені қадап, отырғызып қойып үйрету емес, ол үлкендердің өмірде қолдануына қарай тәжірибе жүзінде бала көзбен көре жүре үйреніп, қалыптасатын ерекшелік.

К.Ушинский жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп, олардың жан-дүниесін дамыту жайында «әрбір халық пен ұлт өз ана тілі мен салт-дәстүрін қастерлеп, тарихи даму жағдайына орай білім беріп, тәрбиелеу керек» деп ой қорытады.

Бала тәрбиесінде салт-дәстүр қалай көрініс табу керек?

«Адамға ең бірінші тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекке оның барлық өміріне апат әкеледі», – депті әл-Фараби бабамыз. Ендеше, салт-дәстүрді балаға ана құрсағында жатқанда-ақ үйрете бастау керек. Медицина зерттеулерінде бала төрт айында-ақ тәрбиені қабылдай бастайды екен. Сәби құрсаққа бітісімен ана өзінің жаман қылықтарын тастап, бойын түзеп, денсаулығын күту керек. Өйткені, балаға анасының бойындағы әр түрлі қасиеттер, денсаулығынан ақаулар, мінез-құлықтар осы кезден бастап беріледі екен. Ана сүтін еміп өскен бала мен ана арасында да сүйіспеншілік, мейірімділік орнайды. Қазіргі кезде белгілі себептермен кей ана баласын емізуден бас тартады да, балада да, өзінде де мейірімсіздік пайда болады.

Жапон ғалымдары «бала анасының құрсағында жатқанда әдемі әуен тыңдап, дүниеге келген алғашқы айында жып-жылы ана сүтін қылқ-қылқ еміп, ана жүрегінің дүрсілін естісе ғана дені сау, өмірге құштар азамат болып өседі» дейді. Ал, мұны біздің ата-бабамыз баяғыда-ақ дәлелдеп, жаңа туған нәрестені ана сүтіне жарытып, тап-тұйнақтай етіп құндақтап, бесікке бөлеп, әдемі әнмен тербеткен. Өсе келе қазақ баласы ата-әжесінің ертегісін, батырлар жырын тыңдап өсетін болған.

Біз тәлімді құрсақта жатқанда береміз. Бала дүниеге келісімен ерекше қамқорлық жасалады: жаңа туылған нәрестені күту, ол туралы келіндерге ақыл-кеңес беру, жаңа босанған әйелге қуатты тамақ беру, сәбиді тұзды сумен жуындыру, денесін мал майымен сылау т.б. бала тәрбиесіне қатысты ұлттық салт-дәстүрлер арқылы тәрбиелеу: құрсақ тойы, жарыс қазан, шілдехана, сүйінші, қырқынан шығару, бесік тойы, бесік тәрбиесі, тұсау кесу, сүндетке отырғызу т.б. баланы тәрибелеуде отбасы басты рөл атқарғандықтан, ұлы М.Әуезов те отбасы тәрбесін ерекше бағалап, «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген.

Сол себепті де баланы балабақшаға берер сәтте ата-ана ойланулары қажет. Ол өз ұлтын, отбасын, жерін, елін сүйіп өсер азамат болып тәрбиеленуі үшін, бала өз ана тіліндегі балабақшаға бару қажет. Ол балабақша қоры ұлттық болмыспен қамтамасыз етілуі шарт. Яғни, ұлттық ойындар ойнатылып, ұлттық ертегілер, ұлттық ойыншықтармен, тіпті ұлт тіліндегі тәрбиелік маңызы зор мультфильмдердің көрсетілуі талап етілуі қажет.

Халқымыз «Ұлы жол үйіңнің табалдырығынан басталады», – дейді. Кез келген тәрбиелік сөздердің мәнісіне үңілсек, осыны айқын аңғарамыз. Орыстың ұлы жазушысы Лев Толстой өз зерттеулерінде: «Шын ілім адамдарды биік ізгілікке үйретеді, ол – адамдардың жаңаруы» деген ой aйтады. Демек, ұлттық тәрбие арқылы рухани-адамгершілік ілім қашан да жеке тұлғаны қалыптастырудың өзегі екенін есімізден шығармағанымыз дұрыс.