Home Басты жаңалықтар “Ясауи ізімен” жобасы аясында Түркістанға елшілер келді

“Ясауи ізімен” жобасы аясында Түркістанға елшілер келді

Қожа Ахмет Ясауидің жиені, шәкірті, әрі замандасы Ғашық Жүсіп атаның ұрпағы Сейдәлім Юлдашев ақсақалдың шаңырағына барып, бірнеше ғасырдың көзін көрген қолжазбалармен танысты. Қожа Ахмет Ясауи мен Жүсіп атаның тарихына ортақ ортағасырлық шежіре шағатай тілінде жазылған. Ұзындығы – 3,5 метр. Сақталуы орташа деңгейде. Тарихи жәдігерді Жүсіп атаның ұрпақтары атадан-балаға мирас етіп, көздің қарашығындай сақтап келген. Жуырда ғана «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қызметкері Күнсұлу Әсетова қолжазбаны қазақ тіліне аударып, бұған дейін есімі белгісіз болып келген Қожа Ахмет Ясауидің сүт бауыры, Жүсіп атаның анасы Бибі Хубра жайлы деректерді анықтады.

Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TİKA) өкілдері «Әзірет Сұлтан» қорық-музейімен бірлескен жобасын ең бірінші Жүсіп ата тарихына арналған қолжазбаны кітапқа айналдырудан бастауды көздеп отыр.

«Алдағы уақытта «Ясауи ізімен» жобасы аясында Түркия Республикасына барып, Ясауидің шәкірттері жөнінде де деректер жинақтауды мақсат етіп отырмыз. Сондай-ақ, түркиялық делегациясы өкілдерімен қорық-музей базасында сирек кітаптар мен қолжазбаларды реставрация жасау үшін арнайы орталық ашу мәселесін де бүгінгі кездесу барысында талқыладық. Қорық-музейдегі мамандар Түркиядағы ең ірі тарихи-мәдени орталықтарда реставрация мамандарымен тәжірибе алмасып, тағылымдамадан өтеді. Көне қолжазбаларды күтіп-баптап, реставрация жасау бойынша мамандарға жан-жақты дәріс өткізуге оң ниеттерін білдіріп отыр»,-деді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының міндетін атқарушы Ерсін Ботабайұлы.