Home Басты жаңалықтар Асанәлі Әшімов: Түркістан ескерткіштер қаласы болуы керек

Асанәлі Әшімов: Түркістан ескерткіштер қаласы болуы керек

Түркі елінің рухани астанасы – Түркістанда мемлекет қайраткерлері, депутаттар мен зиялы қауым өкілдері бас қосып, көне шаһардың көрнекті жерлерін аралады.

Қазақстан халық әртісі, Мемлекет және қоғам қайраткері Асанәлі Әшімов, Қазақстан Республикасы мемлекеттік Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев, Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының Президенті, академик, профессор Мұрат Жұрынов, Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай, жазушы, Түркістан облысының Құрметті азаматы Мархабат Байғұт, қаламгер, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, қоғам қайраткері Көпен Әмірбек, мүсінші Тілеуберді Бинаш алдымен «Сапар орталығында» болып, мұндағы жәдігерлермен танысты.

Қазақтың тарихынан сыр шерткен бейнебаян тамашалап, тарихи мекен туралы тың деректермен танысты. «Мен өзім Кентауда өстім. Ол кездегі Түркістан мен қазіргі шаһардың айырмашылығы көп. Көркейіп, мүлдем өзгеріп кеткен. Бүкіл мұсылман қауымы үшін екінші Мекке саналатын киелі Түркістан қаласы енді туристік бағытта дамиды. Жаңадан ашылған нысандар соның бастамасы. Сонымен қатар, бұл қасиетті мекенде қаншама ұлыларымыздың, хандар мен билеріміздің сүйегі жатыр. Түркістан ескерткіштер қаласы болуы керек. Әбу-Насыр әл Фарабиден бастап барлық тұлғаларымыз бір-бірін толықтырып, жалғастырып тұруы тиіс», – деді Қазақстан халық әртісі, мемлекет және қоғам қайраткері Асанәлі Әшімов.